Ұлыбританияда еврейлерге шабуыл жасамақ болған екі ер адам өмір бойына сотталды

Фото: Райан Дженкинсон/News Licensing/IMAGO

АСТАНА. KAZINFORM — Престондағы Корольдік соты 38 жастағы Валид Саадауи мен 52 жастағы Амар Хуссейнді өмір бойына бас бостандығынан айырды. Полиция мәліметінше, олар Манчестердегі еврей қауымына шабуыл жасап, «Ұлыбритания тарихындағы ең қанды терактіні» ұйымдастыруды көздеген. Бұл туралы ВВС жазды.

Олар тиісінше кемінде 37 және 26 жыл түрмеде отыруы керек, содан кейін ғана шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды сұрай алады.

Соттың мәліметінше, айыпталушылар ДАИШ-тен (Қазақстанда тыйым салынған ұйым – ред.) жігерленген жоспар аясында Ұлыбританияға қару-жарақ контрабандасын ұйымдастырмақ болған. Жоспардың әшкереленуіне жасырын жұмыс істеген агент шешуші рөл атқарғанын Үлкен Манчестер полициясы хабарлады.

Саадауи Уиган ауданындағы Абрам ауылында тұрған, Тунис тумасы, екі баланың әкесі. Хуссейннің тұрақты мекенжайы болмаған.

Тергеу дерегінше, Саадауи Ұлыбританияға төрт Калашников автоматын, екі тапанша мен 900 оқ-дәрі өткізуді жоспарлаған. Ол қаруға алдын ала ақша төлеп, «Фарук» есімді адаммен келіскен, алайда бұл атпен жасырын агент әрекет еткен.

2024 жылғы 8 мамырда ол Болтондағы қонақүй автотұрағында қарудың бір бөлігін алуға келген кезде ұсталды. Операцияға терроризмге қарсы бөлімнен 200-ден астам полиция қызметкері қатысқан, ал қару-жарақ жарамсыз күйге келтірілген болып шықты.

Саадауи әлеуметтік желіде түрлі жалған есіммен ашылған онға жуық аккаунт арқылы радикалды көзқарастар таратқан.

Саадауи мен Хуссейн 2023 жылғы 13 желтоқсан мен 2024 жылғы 9 мамыр аралығында теракт дайындағаны үшін кінәлі деп танылды. Ал Валидтің 36 жастағы інісі Билель Саадауи жоспарланған шабуылдар туралы хабарламағаны үшін алты жылға сотталды.

Айта кетейік, өткен айда Әзербайжанда Израиль елшілігіне қарсы теракт жасау әрекетінің жолы кесілді.