Радикалды топтар ислам дініне қарсы ұрандар айтып, мешіттерге, мигранттар тұратын қонақүйлерге шабуылдар жасап жатыр. Үкімет басшысы министрлер және полиция өкілдерінің қатысуымен шұғыл кеңес өткізуге мәжбүр болды.
Наразылықтар би сабағына қатысқан үш кішкентай қыздың өлімінен кейін басталды. Қырғын кезінде тағы он шақты адам жарақат алды. Оқиға Англияның теңіз жағалауындағы Саутпорт қаласында болды.
Полиция қылмыстың себебін анықтап жатыр, бірақ оның терроризммен байланысы жоқ деп санайды. Әлеуметтік желілерде қылмыскер - радикалды мұсылман-мигрант деген фейк тарап, толқуларды үдетті. Полиция 17 жастағы күдіктінің Ұлыбританияда дүниеге келгенін хабарлады.
“Әлеуметтік желілер арқылы жалған ақпарат таратылып, қатыгездіктің күшеюіне алып келді. Полицейлерге кірпіш лақтыру, мешіттерге шабуыл жасау, дүкендерді тонау - бұл мүлдем масқара қылмыстық әрекет болып есептеледі. Кінәлілер міндетті түрде жазаланады,” деді Ұлыбритания ІІМ министрі Иветт Купер.
Ұлыбритания премьер-министрі COBRA төтенше жағдайлармен күрес комитеті мүшелерінің басын қосты. Министрлер, полиция, барлау қызметкерлері және басқа да жауапты мамандар дағдарыс жағдайында департаменттердің шешім қабылдауын және жұмыстарды үйлестіру барысын талқылады.
“Біздің елдің халқы қауіпсіз өмір сүруге құқылы. Дегенмен, мұсылман қауымдастығы мүшелерінің қудаланғанын, мешіттерге шабуылдар жасалғанын, нәсілшілдердің мағынасыз зорлық-зомбылыққа барғанын көрдік. Мен бұл үрдісті әсіре оңшылдардың қарақшылық әрекеті деп атаймын,” деді Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер.
Полиция жаппай тәртіпсіздіктерге әсіре оңшылдар ұйымының тікелей қатысы бар деп мәлімдеді. "Англия қорғаныс лигасының" негізін қалаушы Томми Робинсонның әлеуметтік желілерде оқырманы көп. Ол өзінің идеяларын тарату үшін платформаларды белсенді пайдаланады. Бұқаралық ақпарат құралдарының талдауына сәйкес, жеке адамдар халықты наразылықтарға қатысуға итермелеп, өздері тасада қалып қойып жүр.