АЗЕРТАДЖ мәліметінше, бұл отставка биліктегі Лейбористік партияның 80-нен астам депутаты Кир Стармерден қызметінен кету мерзімін жариялауды талап еткен тұста болып отыр.
– Даудан қашу ниетіміз біздің сирек пікірталас жүргізуімізге әкеледі. Соның салдарынан прогреске мүмкіндік беретін өзгерістер тоқтап, кейінге шегеріледі. Мен лейбористік үкіметтің жұмыс істегенін қалаймын. Бірақ мен өзім де, ел де күткен өзгерістерді көріп тұрған жоқпын. Сондықтан қазіргі басшылық кезінде министр қызметін жалғастыра алмаймын, – деді Джесс Филлипс отставка туралы хатында.
Филлипс 12 мамыр күні қызметінен кеткен британ үкіметінің екінші мүшесі болды. Бұған дейін тұрғын үй құрылысы, қауымдастықтар және жергілікті басқару жөніндегі министрдің орынбасары Миатта Фанбулле де Кир Стармердің бағытымен келіспейтінін айтып, қызметінен кеткен еді.
Соңғы тәулікте Қауымдар палатасында Кир Стармердің отставкасын талап ететін лейборист депутаттардың саны екі еседен астам өсіп, 80 адамға жетті.
Наразы парламентарийлердің пікірінше, Стармердің қызметте қала беруі партияның келесі жалпы сайлаудағы позициясын әлсіретуі мүмкін. Ұлыбританиядағы келесі парламент сайлауы 2029 жылдың тамызынан кешікпей өтуі тиіс.
Еске сала кетсек, бұған дейін Босния және Герцеговина елінің жоғары өкілі Кристиан Шмидт отставкаға кеткенін жаздық.