Ұлыбританияда өмір сүру құны қымбаттап, халықтың қалтасын қақты. Инфляцияны тежеу үшін көтерілген пайыздық мөлшерлеме қазір 10 жылдан бері болмаған өте жоғары деңгейде. Рождество мерекесі қарсаңында бір-біріне сыйлық сыйлап үйренген ағылшындарда енді ақша жоқ. Тауарларына түрлі жеңілдіктер ұсынса да, дүкендердің саудасы жүрмей жатыр.
«Қазір халық майда-шүйде зат сатып алуға ақша таппай қиналып жатыр. Соңғы зерттеулерге сәйкес жаппай сатылым болатын «Жомарт жұма» науқаны кезінде былтыр сұраныстың 61 пайызға, биыл 44 пайызға азайғанын аңғарып отырмыз», - дейді тұтыну саласы бойынша сарапшы Жасмин Биртлз.
Ұлыбританияның жалпы ішкі өнім көрсеткіші қыркүйекпен салыстырғанда 0,3 пайызға төмендеді. Ұлттық статистика басқармасының мәліметтеріне сәйкес бұған ауа райының қолайсыздығы әсер етсе керек. Себебі құрылыс жұмыстары тұралап, бөлшек сауда, қызмет көрсету және туризм салаларында іркіліс болған. Биліктегілер болашағымыз бұлыңғыр деп дабыл қаққандарды жарқын жақта өмір сүруге шақырып отыр.
«Өз-өзімізге деген сенімділігімізді жоғалтпауымыз керек. Біз Брекситті бастан кешірдік. Бұл парламент жұмысының тоқтауына, саяси тұрғыда өте қиын кезеңдерге алып келді. Британ халқы Еуроодақтан шығамыз деп дауыс бергенімен парламент бұл бірлестік елдерімен ортақ мәмілеге келе алмай абдырап қалды. Салдарынан Тереза Мэйдің үкіметі биліктен кетті. Одан кейін пандемия басталды», - дейді Ұлыбританияның Қаржы министрі Джереми Хант.
Экономикалық қиындықтар салдарынан стерлинг фунты да әлсіреді. Доллар мен еуроға шаққандағы бағамы ол ең төменгі межеге жетті. Бұл жағдай рецессия қаупін арттырады және Англия банкінің пайыздық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап тұруға мәжбүрлейді деді мамандар. Шынымен де солай болды. Ұлыбританияның бас қаржы институты мөлшерлемені сол күйінде қалдыруды шешті.
«Дәл қазір, менің ойымша, пайыздық мөлшерлемені төмендету туралы әңгіме бастау әлі ерте. Біз алдымен жақсы нәтижелер көрсетуіміз керек. Мен жетістіктерді көріп қуанамын, бірақ олар аздық етеді. Сондықтан жақын арада мөлшерлемені төмендете алмаймыз», - дейді Англия Банкінің басшысы Эндрю Бэйли.
Британ үкіметі инфляция деңгейін 2 пайызға дейін төмендетуді жоспарлаған еді. Бірақ ол 11 пайыздан 4,5 пайызға дейін ғана азайды. Англия банкінің өкілдері экономикалық көрсеткіштер тұрақталған кезде ғана әрекет етуге бел буып отыр. АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесі келесі жылы мөлшерлемені төмендетуді межелегенімен Ұлыбританияда жағдай әзірге өзгермейді.
«Менің ойымша, инфляцияның қазіргі деңгейін ұстап тұру басты мәселе болып қала береді. Біз былтыр көп мәселеге тап болдық. Сонлықтан біздегі ахуалды АҚШ-тағы жағдаймен салыстыруға келмейді», - дейді Англия Банкінің басшысы Эндрю Бэйли.
Қылышын сүйретіп қыс келгенде жарық пен жылудың бағасы өскелі тұр. Энергетикаға жауапты мекеменің есептеуінше, жаңа жылдан бастап әрбір отбасының бір жылдық орташа шығыны 5 пайызға артады. Қымбатшылық Англия, Уэльс және Шотландиядағы жиырма тоғыз миллион отбасына әсер етпек.
Баға тек Солтүстік Ирландияда өзгермейді. Былтыр да дәл осындай жағдай болғанда, үкімет халыққа қаржылай қолдау білдірсе, биыл ондай көмек көрсетілмейін деп тұр. Тәуелсіз Бюджеттік жауапкершілік басқармасының есептеуінше, инфляцияны тежеу үшін кемінде үш-төрт жыл керек.
⠀