Ұлыбританияда жаңа әскери барлау қызметі құрылды
АСТАНА. KAZINFORM – Біртұтас құрылым құру барлау деректерін жинау мен алмасу үдерісін жеделдетуге бағытталған, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Ұлыбританияның Қорғаныс министрлігі ауқымды реформаның басталғанын мәлімдеді. Оның аясында құрлық әскерлері, әскери-теңіз күштері, әскери-әуе күштері және ғарыш қолбасшылығына қарасты барлау бөлімшелері бірыңғай басқару орталығына бағындырылмақ.
Реформа сыртқы қысымның күшеюі жағдайында жүзеге асырылып отыр. Билік өкілдерінің айтуынша, ғарыштық жүйелердің жұмысына кедергі келтіріп, жаһандық логистикаға қауіп төндіретін кибершабуылдар күшейген.
Мұндай әрекеттер британдықтардың күнделікті өміріне де әсер ете бастаған. Атап айтқанда, тауарлар бағасының өсуіне, экономикалық тұрақсыздықтың күшеюіне, сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздік пен инфрақұрылымға төнетін қатерлердің артуына алып келіп отыр.
Жаңа құрылым үшін кадр даярлау жаңадан құрылған Әскери барлау академиясына жүктелді. Онда кибербарлау, ғарыштық зерттеулер және геокеңістіктік талдау бағыттары бойынша оқу бағдарламалары қарастырылған.
Реформаның тағы бір бөлігі Ұлыбритания Қорғаныс министрлігінің өзін қорғауға қатысты. Ведомство жанынан қарсы барлау басқармасы құрылады. Бұл шешім министрлікке қарсы бағытталған дұшпандық белсенділіктің соңғы бір жылда 50 пайыздан астамға өсуіне байланысты қабылданған.
Жаңа барлау құрылымының негізгі элементі Лондоннан солтүстікке қарай шамамен 100 шақырым жерде орналасқан Уайтон әскери базасындағы нысан болмақ. Мұнда аумағы футбол алаңымен шамалас барлау деректерін интеграциялау орталығы салынған. Орталықта «Бес көз» альянсына мүше елдерден келетін мәліметтерді қоса алғанда, түрлі ақпараттар талданады. Аталған альянс құрамына Аустралия, Ұлыбритания, Канада, Жаңа Зеландия және АҚШ кіреді.
Бұл реформа Ұлыбритания үкіметінің ұлттық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған ұзақмерзімді саясатына сәйкес келеді.
Бұған дейін Ұлыбританияда әскери тікұшақ өндіретін соңғы зауыт жабылуы мүмкін екені хабарланған болатын.