Ұлыбританияда жұмысқа орналастырамын деп 10 адамды алдаған астаналыққа үкім шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада TikTok арқылы Ұлыбританияда жұмысқа орналастыруды уәде етіп, азаматтарды алдаған тұрғын сотталды. Бұл туралы қала прокуратурасы хабарлады.

Фото: Pexels

Ведомствоның мәліметінше, елорда тұрғыны TikTok әлеуметтік желісінде Ұлыбританияда жұмысқа орналастыруға көмектесетіні туралы жарнама жариялаған.

Әлеуметтік желі арқылы хат алмасу кезінде ол өзін шетелге жұмысқа жіберетін маман ретінде таныстырып, азаматтарға кеңес берген. Кейін сауалнамаларды толтыруға бағыттап, қызмет ақысы ретінде ақша аударуды сұраған. Алайда қаражатты алған соң уәдесін орындамаған. Тергеу мәліметінше, ол жәбірленушілердің ақшасын жеке қажетіне жұмсаған.

Алаяқтық салдарынан 10 азамат зардап шегіп, келтірілген материалдық шығын көлемі 1 миллион теңгеден асты.

Мемлекеттік айыптауды Астана прокуратурасы қолдады. Сотта ұсынылған дәлелдер негізінде сотталушының кінәсі толық дәлелденді.

— Сот оның кінәсін мойындағанын, жасаған ісіне өкінгенін, бұрын сотталмағанын және келтірілген материалдық шығынды өз еркімен өтегенін ескеріп, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сотталушыға пробация қызметіне ескертпей тұрғылықты жері мен жұмыс орнын өзгертуге, алкоголь өнімдері сатылатын ойын-сауық орындарына (кафе, бар, мейрамхана) баруға, түнгі уақытта (22:00-06:00 аралығы) үйден тыс жерде жүруге тыйым салынды, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ тұрақты жұмысы немесе оқу орны болмаған жағдайда, жаза мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылады.

Астана прокуратурасы қазақстандықтарды шетелде жұмыс іздеу кезінде сақ болуға үндеді. Ведомство өкілдері шетелге жұмысқа орналастыру туралы ақпаратты тек ресми дереккөздерден, лицензиясы бар кадр агенттіктері мен уәкілетті мемлекеттік органдар арқылы тексеруді ескертті.

Еске салайық, бұған дейін Астанада Чехияға жұмысқа орналастырамын деп алдаған күдікті ұсталғанын хабарлағанбыз.