Ұлыбританияда жұмыссыздық деңгейі 5,2%-ға жетті

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбританияда жұмыссыздық деңгейі 5,2%-ға дейін өсіп, 2020 жылғы қараша — 2021 жылғы қаңтар аралығындағы үш айлық кезеңнен бергі ең жоғары көрсеткішке жетті. 

Бұл туралы Ұлыбританияның Ұлттық статистика басқармасы (ONS) 2025 жылғы қазан–желтоқсан айларын қамтитын үш айлық кезеңдегі еңбек нарығының жағдайы туралы есебінде мәлімдеді.

Берілген деректерге сәйкес, елдегі жұмыссыздық деңгейі алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 0,2 пайыздық тармаққа артқан.

ONS-тың экономикалық статистика жөніндегі директоры Лиз Маккеон мәліметтерге берген түсіндірмесінде елде кадр жалдау белсенділігі әлсіреп, жұмыссыздықтың өсуі байқалып отырғанын атап өтті.

Оның айтуынша, осы кезеңде жекеменшік сектордағы жалақы өсімінің қарқыны баяулап, соңғы бес жылдағы ең төмен деңгейге түскен.

Сонымен қатар мемлекеттік сектордағы жалақы өсімі де баяулағанымен, салыстырмалы түрде жоғары деңгейде қалып отыр. 

Айта кетелік Ұлыбританияда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге кіруіне тыйым салынбақ