The Guardian басылымының мәліметінше, биылғы жаздағы ұзаққа созылған қуаңшылық пен жоғары температура салдарынан ел бірқатар ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауға мәжбүр болып, ішкі нарықтағы бағалар да өсе бастаған.
Басылымның жазуынша, пабтар, мейрамханалар мен супермаркеттер салат пен брокколиді Испания мен Нидерландтан сатып ала бастаған. Әдетте осы кезеңде Ұлыбританияда бұл өнімдердің мол өнімі жиналуы тиіс еді. Алайда аптап ыстық пен жауын-шашынның аздығы бұған мүмкіндік бермеген.
– Қаптамадағы салмаққа жеткізу үшін екі түп брокколи салуға мәжбүрміз, – деді Riviera Produce компаниясының өкілі Дэвид Симмонс.
Ол Корнуоллдағы отбасылық фермада көкөніс өсіреді және қырыққабат тұқымдас дақылдар өндірушілері қауымдастығының басқарма мүшесі.
Осыған байланысты көтерме нарықта қызанақ бағасы 60 пайызға, айсберг салаты 90 пайызға, ал картоп 40 пайыздан астам қымбаттады.
Осыған орай 100-ден астам компанияның, оның ішінде елдегі ең ірі азық-түлік бөлшек сауда желілерінің басшылары премьер-министр Энди Бернемге ашық хат жолдап, импортқа тәуелділікті азайтып, ұлттық азық-түлік жүйесін нығайтуды басымдыққа айналдыруға шақырды.
29 шілдеде жаздағы төртінші аптап ыстық толқыны аясында Англия аумағының жартысында қуаңшылық жарияланды. Ұлыбританияның Қоршаған орта, азық-түлік және ауыл шаруашылығын дамыту министрлігінің мәліметінше, шілдеде елде күтілген жауын-шашын мөлшерінің небәрі 7 пайызы ғана түскен. Англияның оңтүстігінде бұл көрсеткіш бар болғаны 1 пайызды құрады. Елдің метеорологиялық қызметі шілде айындағы ауа температурасы көпжылдық орташа көрсеткіштен үш градусқа жоғары болғанын хабарлады. Келесі күні қуаңшылық Уэльсте де жарияланды.
Айта кетейік, бұған дейін әлемде экстремалды ауа райы құбылыстарының қаупі артып келе жатқанын жаздық.