Ұлыбританияның вице-премьері даудан кейін қызметінен кетті
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбританияның вице-премьері әрі тұрғын үй құрылысы министрі Анджела Рейнер қызметінен кетті, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Ол сонымен бірге Лейбористік партия лидері орынбасары қызметін де босатады. Рейнердің отставкасы курорттық Хоув қаласында құны 800 мың фунт стерлинг тұратын жылжымайтын мүлікті сатып алу кезінде гербтік алымның толық төленбеуіне қатысты даудан кейін болды.
Премьер-министр Кир Стармерге жолдаған хатында Рейнер бұл қателік үшін толық жауапкершілікті өз мойнына алатынын атап өтті. Оның сөзінше, ол әдейі салықтан жалтаруды көздемеген, алайда қосымша салықтық кеңес алмағаны дұрыс шешім болмаған.
Айта кетейік, Анджела Рейнер 2024 жылдың 5 шілдесінде вице-премьер қызметіне тағайындалған еді. Ол 2015 жылдан бері Қауымдар палатасының депутаты болып келген.
Айта кетелік Ұлыбритания тарихында алғаш рет король астрономы қызметіне әйел тағайындалды.