56 жастағы Энди Бернем өткен жұмада Лейбористік партияның көшбасшысы болып сайланып, Кир Стармердің орнына келген еді. Дүйсенбі күні король III Чарльз оны қабылдап, үкіметті құруды ресми түрде тапсырды.
Қызметіне кіріскеннен кейін Бернем алғаш болып АҚШ президенті Дональд Трамппен, Украина президенті Владимир Зеленскиймен және Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйенмен телефон арқылы сөйлесті.
Даунинг-стриттің мәліметінше, АҚШ президентімен әңгіме барысында Бернем Ұлыбританияның қорғаныс пен қауіпсіздік саласындағы міндеттемелеріне берік екенін растаған.
Жаңа үкіметте Қаржы министрлігіне Джон Хили тағайындалды. Ол осы жылдың маусым айында қорғаныс саласын жеткілікті қаржыландырмағаны үшін үкіметті сынға алып, Қорғаныс министрі қызметінен кеткен болатын.
Сыртқы істер министрі қызметіне Лейбористік партияның бұрынғы жетекшісі Эд Милибэнд келді. Кир Стармер үкіметінде ол Энергетика және көміртек бейтараптығы министрі болған.
Бұрынғы сыртқы істер министрі Иветт Купер Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалса, Ішкі істер министрі Шабана Махмуд өз қызметінде қалды.
Саяси сарапшылардың пікірінше, Милибэндтің Сыртқы істер министрлігіне ауысуы Энди Бернемнің сыртқы саясатты тәжірибелі саясаткерге сеніп тапсырып, өзінің ішкі реформаларға көбірек көңіл бөлуді көздейтінін аңғартады.
Жаңа үкіметтің алғашқы бастамаларының қатарында міндетті мемлекеттік цифрлық жеке куәлік енгізу жоспарынан бас тарту, Солтүстік теңіздегі мұнай мен газ өндіру саясатын қайта қарау, энергетика және су шаруашылығы компанияларын мемлекет бақылауына қайтару, сондай-ақ муниципалдық тұрғын үй құрылысының жаңа бағдарламасын іске қосу мәселелері бар.
Сонымен қатар Энди Бернем Шотландияға, Уэльске, Солтүстік Ирландияға және Англия өңірлеріне көбірек дербестік беру жөніндегі уәдесін орындауды көздеп отыр.
Айта кетейік, Ұлыбританияның премьер-министрі үкіметінің басым бағыттарын атағаны хабарланған болатын.