Ұлытау облысы қандай азық-түлікпен өзін-өзі қамтып отыр

Фото: ОКҚ

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Ұлытау облысы әлеуметтік азық-түлік тауарларының 4 түрі бойынша өзін-өзі қамтамасыз етеді. Бұл туралы өңір әкімі Дастан Рыспеков есептік кездесуінде айтты. 

Өңірді өз өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында Жезқазған қаласында жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы және Жаңаарқа ауданында мал шаруашылығы кешені мен мал сою цехы іске қосылған.

— Қазіргі таңда облыс әлеуметтік азық-түлік тауарларының 4 түрі (сиыр еті, ұн, нан, жұмыртқа) бойынша өзін-өзі қамтамасыз етеді. Келесі жылы қосымша екі тауар түрімен (картоп, құс еті) ішінара қамту жоспарланып отыр, — деді Дастан Рыспеков елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.

Әкімнің айтуынша, биыл жалпы құны 17 млрд теңге болатын 10 жоба іске асырылып келеді, оның ішінде 8 млрд теңгеге 7 жоба биыл іске қосылады.

«Ауыл Аманаты» жеңілдетілген 2,5% несиелеу бағдарламасы аясында биыл 700 млн теңгеге 100 жоба қаржыландырылды.

— Жалпы облыс құрылғалы ауыл шаруашылығы саласына 8,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Жыл басынан бастап бұл салаға 2,5 млрд теңге инвестиция құйылып, өткен жылғы сәйкесінше кезеңімен салыстырғанда 46 пайызға өсім көрсетті, — деді өңір басшысы.

Айта кетейік, Ұлытау облысының бюджеті 30 млрд теңгеге артты.

Бұған дейін Дастан Рыспеков Жезқазғанда ескі фабрика ғимараты кәсіпкерлерге берілетінін айтқан еді.