Өңірді өз өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында Жезқазған қаласында жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы және Жаңаарқа ауданында мал шаруашылығы кешені мен мал сою цехы іске қосылған.
— Қазіргі таңда облыс әлеуметтік азық-түлік тауарларының 4 түрі (сиыр еті, ұн, нан, жұмыртқа) бойынша өзін-өзі қамтамасыз етеді. Келесі жылы қосымша екі тауар түрімен (картоп, құс еті) ішінара қамту жоспарланып отыр, — деді Дастан Рыспеков елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.
Әкімнің айтуынша, биыл жалпы құны 17 млрд теңге болатын 10 жоба іске асырылып келеді, оның ішінде 8 млрд теңгеге 7 жоба биыл іске қосылады.
«Ауыл Аманаты» жеңілдетілген 2,5% несиелеу бағдарламасы аясында биыл 700 млн теңгеге 100 жоба қаржыландырылды.
— Жалпы облыс құрылғалы ауыл шаруашылығы саласына 8,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Жыл басынан бастап бұл салаға 2,5 млрд теңге инвестиция құйылып, өткен жылғы сәйкесінше кезеңімен салыстырғанда 46 пайызға өсім көрсетті, — деді өңір басшысы.
Айта кетейік, Ұлытау облысының бюджеті 30 млрд теңгеге артты.
Бұған дейін Дастан Рыспеков Жезқазғанда ескі фабрика ғимараты кәсіпкерлерге берілетінін айтқан еді.