Ұлытау облысына Қытай компаниялары 400 млн долларға жуық инвестиция құяды

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Ұлытау облысында өткен «Ulytau Invest–2026» Қазақстан–Қытай инвестициялық форумы аясында жалпы құны 368,6 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық меморандумдарға қол қойылды.

Фото: Ұлытау облсының әкімдігі

Құжаттар тұрғын үй қорын және қалалық инфрақұрылымды жаңғыртуға, өнеркәсіпті дамытуға, шахталардағы өндірістік қауіпсіздікті күшейтуге, төмен көміртекті индустриялық кластер қалыптастыруға және өңірде жел электр станцияларын салуға бағытталған бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыруды көздейді.

Фото: Ұлытау облсының әкімдігі

Форум Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдары, бизнес және инвестициялық қауымдастықтарының өкілдерін бір алаңға жинады. Ауқымды іс-шараға Қытайдың 20-дан астам ірі компаниясының делегациялары қатысты.

Іс-шараға дейін Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Шэньси провинциясынан келген делегация басшысы Ван Цзинцзинмен екіжақты кездесу өткізіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Фото: Ұлытау облсының әкімдігі

«Ulytau Invest–2026» форумы барысында облыстың тау-кен металлургиясы, өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп, энергетика, логистика және инфрақұрылым салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Сондай-ақ Қазақстан мен Қытай кәсіпкерлері арасында B2B және G2B форматындағы кездесулер ұйымдастырылып, жаңа жобаларды бірлесіп іске асыру және әріптестікті кеңейту бағыттары қарастырылды.

Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

Іс-шарада сөз сөйлеген Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков халықаралық ынтымақтастық пен инвестиция тарту өңір дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, форум бұған дейін облыс делегациясының Қытайдың Сиань қаласына жұмыс сапары барысында қол жеткізілген келісімдердің нақты жалғасы болды.

Форумның ресми бөлігінен кейін Қытай делегациясының өкілдері өңірдегі инвестициялық алаңдар мен өндірістік кәсіпорындарды аралап, іске асырылып жатқан және болашақ инвестициялық жобалармен танысты.