Ұлытау облысында 15 ауыл ішімдіктен бас тартты

Фото: Рolisia.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлытау облысында бірқатар ауыл ішімдіктен толықтай бас тарту туралы шешім қабылдады.

ҚР ІІМ баспасөз қызметі мәліметінше, Ұлытау облысында бірқатар ауыл ақсақалдары мен жастары бірігіп, ішімдіктен толықтай бас тарту туралы шешім қабылдаған. Бұл бастама ауылдардағы отбасылық келіспеушіліктер мен қылмыстың күрт азаюына алып келді, салауатты өмір салтына бет бұрудың жарқын үлгісін көрсетті.

Ұлытау облысы бойынша ішімдіксіз ауылдар қатарына мына елді мекендер кіреді: Байқоңыр, Алғабас, Талдыбұлақ, Ақтасты Сәкен, Қарағаш, Ақтүбек, Ақтау, Қылыш, Жұмажанов, Орынбай, Айнабұлақ, Ақтай, Жаңаталап, Қарамола, Байғұл ауылдары.

Бұл ауылдарда ішімдік өнімдерін сатуға қатаң тыйым салынған. Бұл шешім ауыл ақсақалдарының бастамасымен қабылданған және жергілікті жастар тарапынан да толықтай қолдау тапқан.

Ауыл ақсақалдарының парасаттылығы мен жастардың белсенділігі арқасында ішімдіксіз өмір салты қалыптасып, ауылдардағы әлеуметтік ахуал айтарлықтай жақсарды. Мұндай қадамға барғаннан бері бұл ауылдарда отбасылық жанжалдар мен қылмыстық оқиғалар болмаған.

Айта кетейік, Ішкі істер министрлігінің бастамасын қолдап, салауатты өмір салтын ұстануға ниетті ауылдардың қатары Түркістан облысында да артып келеді.