Ұлытау облысында «Адал қоғам: Заң, сана және қауіпсіздік» форумы өтті

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM - Ұлытау облысының орталығынан шалғай орналасқан Ұлытау ауданында «Адал қоғам: Заң, сана және қауіпсіздік» атты форум ұйымдастырылды.

Фото: Ұлытау облысы бойынша ЭТД

Ұлытау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті бапасөз қызметінің хабарлауынша, с-шара аудан тұрғындары, қонақтары мен жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қаржылық қауіпсіздікті арттыру және есірткі қылмысына қарсы түсіндіру жұмыстарын күшейтуге бағытталған.

Фото: Ұлытау облысы бойынша ЭТД

Ақпараттық-ағартушылық форматта өткен іс-шараға аудан тұрғындары, жастар, мемлекеттік органдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Форум барысында қатысушыларға интернет-алаяқтықтың алдын алу жолдары, дропперлік схемалардың қауіптілігі, цифрлық қауіпсіздік ережелері, сондай-ақ есірткі қылмысының қоғамға тигізетін зардаптары туралы жан-жақты ақпарат берілді.

Сонымен қатар жастар арасында заңға құрмет қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау мәселелері кеңінен талқыланды. Мамандар қоғамдағы қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау әр азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.

Фото: Ұлытау облысы бойынша ЭТД

Іс-шараның тәжірибелік бөлімінде арнайы қызмет өкілдері өздерінің кәсіби дайындықтарын көрсетті. Кинологиялық қызмет мамандары қызметтік иттердің көмегімен тыйым салынған заттарды анықтау тәсілдерін таныстырды.

Форум аясында қатысушыларға интерактивті ойындар, сұрақ-жауап алаңдары және концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, жастардың белсенді қатысуына мүмкіндік жасалды.

Мамандардың пікірінше, мұндай кездесулер жастардың бойында құқықтық мәдениет пен қоғамдық жауапкершілікті қалыптастырып, сыбайлас жемқорлыққа, интернет-алаяқтыққа және есірткі қылмысына қарсы иммунитетті күшейтуге ықпал етеді.

Аталған форумды Ұлытау облысы Полиция департаменті, Ұлытау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті және «Ұлытау жастары» қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды.

Фото: Ұлытау облысы бойынша ЭТД