Ұлытау облысында алимент төлемей, букмекерлік кеңсеге ақша жұмсаған 22 адам ұсталды

АСТАНА.KAZINFORM - Ұлытау облысының прокуратурасы балалардың құқықтарын қорғау және алимент бойынша берешекті өндіріп алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады.

Фото: Kazinform

Тексеру барысында балаларының алдындағы берешегі бола тұра, букмекерлік платформаларда ақша жұмсауды жалғастырған 22 борышкер анықталды. Аталған тұлғалар ата-аналық міндеттерін орындамай, алимент бойынша қарызы бола тұра, ойын шоттарын толықтырып, бәс тіккен және ұтыстар алған.

Мысалы, алимент бойынша 3,9 млн теңге берешегі бар борышкерлердің бірі 2020 жылдан бастап букмекерлік кеңседе тіркелген. Осы кезеңде ол жеке шотын 4,6 млн теңгеге толықтырып, 3,1 млн теңге көлемінде ұтыс алған. Алайда бұл қаражат балаларын асырауға бағытталмаған.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша, яғни балаларды күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды.

Ұлытау облысының прокуратурасы ескертеді: балаларды асырау – заңмен жүктелген тікелей міндет. Табысты жасыру, алимент төлеуден жалтару немесе қаражатты балалардың мүддесіне қайшы жұмсау заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

Айта кетейік, Жамбыл облысында алимент төлемеген тұрғынның бас бостандығы шектелді.

Шымкентте алимент төлемеген 31 адам қылмыстық жауапқа тартылды.

Ата-ана баласынан алимент өндіре алады. Ол үшін өзі де жас кезінде баласына қамқор болуы тиіс. Іс Неке және отбасы туралы кодекс аясында қаралады. Сот шешім шығарған кезде тек қариялардың емес, кәмелетке толған балалардың да әлеуметтік жағдайын ескереді. Kazinform тілшісі сот істері мен талаптар уәжін тыңдады.