Ұлытау облысында азық-түлікті арзандату үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы облыстағы азық-түлік бағасын арзандату жұмыстарын айтып берді, деп хабарлайды Kazinform.
«Облыстағы азық-түлік бағасы әкім болып келгеннен алғашқы мәселе болып көтерілді. Біздің тіпті картоппен өзімізді қамтамасыз ететін мүмкіндігіміз бар. Әзірге ет пен нан ғана өзімізден шығып отыр. Ұнмен толық қамти алмаймыз, өйткені бізде 25-30 мың гектар ғана егін бар. Сүт, картоп, жуаны да өндіре аламыз, бірақ онымен ешкім айналыспайды», - деді Берік Әбдіғалиұлы Jibek Joly телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасында.
Сонымен бірге, Б.Әбдіғалиұлы облыста суармалы жерлер де жоқ екенін, оған қажеттілік болмағанын атап өтті.
«Сондықтан биыл жобаларды әзірлеп, алдағы екі жылда толығымен картоппен қамтамасыз ету міндетін қойып отырмыз. Тауық еті, жұмыртқа өндіру жобасы да басталды, келесі жылдың ортасына қарай, 30 пайыз тауық етімен өңірді қамтуымыз керек», - деді облыс әкімі.
Бұған дейін Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облыс ретінде бөлінгелі қандай жұмыстар атқарылып жатқанын баяндаған еді.