Ұлытау облысында дроперлерден қомақты қаржы тәркіленді
ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM - Қазіргі уақытта қылмыскерлердің «дропперлерді» қылмыстық мақсатта пайдаланатын алаяқтық фактілері жиіледі, деп хабарлайды Ұлытау облысының прокуратурасы.
Ондағы мәліметтерге қарағанда, «Дропперлер» заңсыз жолмен алынған ақшаны алаяқтарға өз шоттары арқылы аударады немесе банк карталарын береді, осылайша нағыз қылмыскерлердің іздері жасырылады.
Прокуратураның үйлестіруімен полиция органдары жәбірленушілерге Азаматтық кодекстің 953-бабына сәйкес «дропперлерден» негізсіз баюға байланысты алынған ақша қаражатын өндіріп алу механизмін түсіндіруде.
- Мысалы, алаяқтар алдау арқылы жәбірленушінің 26 млн теңге сомасындағы ақшалай қаражатын иемденген. Оның 15,4 млн теңге сомасындағы бір бөлігі «дроппердің» шотына аударылғаны анықталды. Жәбірленуші Азаматтық кодекстің 953-бабы тәртібінде негізсіз байлықты «дропперден» өндіріп алу туралы талап арызбен сотқа жүгінді. Сот қарауының нәтижесі бойынша жәбірленушінің талап-арызы қанағаттандырылды, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ онда өткен жылы облыста сот 69 млн теңге сомасына 42 талап-арызды қанағаттандырылғаны айтылған. Биыл сот 28,3 млн теңге сомасына 13 талап-арызды қанағаттандырды.
- «Дропперлердің» алаяқтыққа қатысы бар екені анықталса, олар сыбайлас ретінде қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Ұлытау облысының прокуратурасы азаматтарға оңай табыс табу туралы ұсыныстардан сақ болуды, жеке деректерді бермеуді және мұндай схемаларға қатысудан бас тартуды ұсынады, - делінен хабарламада.
Осыған дейін Шымкент тұрғыны виртуалды нөмірлерді пайдаланып алаяқтықпен айналысқаны туралы жаздық.