Ұлытау облысында экономикалық және әлеуметтік даму жоспарлары пысықталды
ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Бүгін Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен Президент Жолдауын талқылау бойынша жиын өтті.
Жиында облыстық мәслихаттың депутаты Светлана Жумкина Жолдауда көтерілген жеті басым бағыттың әрқайсысы уақыт талабы мен ел болашағы үшін маңызды шешімдер екенін айтты.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Арынғазин 2025 жылдың 7 айындағы инвестициялық ахуал мен туризм саласының даму көрсеткіштерімен бөлісті. Өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 103,4 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға өскен. 937 млрд теңгенің 22 ірі жобасы жүзеге асырылып жатыр, олар 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ермек Жазылханұлы жасанды интеллект пен цифрландыру өңірдің дамуына жаңа серпін беріп, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыратынын атап өтті. Мәселен, Жезқазған қаласының жолдарын цифрландыру жобасы шұңқырларды анықтап, жол белгілерін орнату бойынша ұсыныстар енгізеді. VisionGuardAI бейнемониторинг жүйесі 11 әлеуметтік нысанда орнатылып, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. «109 бірыңғай байланыс орталығы» Mindia мета-платформасының көмегімен автоматтандырылып, өтініштер жылдам өңделеді. «Протокол» жүйесі кеңес отырыстарының аудиожазбаларын мәтінге айналдырады, ал ЖИ-аудармашы құжаттарды қазақ және орыс тілдеріне сапалы аударады. Ұлытау Хабта Scout AI, DocGuard AI, Talapker AI және WorkClock сияқты инновациялық жобалар әзірленіп, құжат айналымы, білім және еңбек өнімділігін арттыру бағытында іске асырылып жатыр.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алмат Саухимов цифрландыру аясында жерді беру тәсілдері электронды форматқа көшіріліп, космомониторинг жүйесі арқылы пайдаланылмай жатқан жерлер анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылып жатқанын айтты.
Облыстық туризм гиді Сағдат Мұхамбетов Жошы хан мен Алаша ханның мазарлары, Ақжар борлы шатқалы, Бұланты шайқасының тарихи орны сияқты киелі жерлердің туристік картаның маңызды нысандарына айналатынын жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша, өңір басшысы Дастан Рыспеков Президент Жолдауында айқындалған басым бағыттарды жүзеге асыру мақсатында нақты тапсырмалар жүктеп, оларды сапалы және жүйелі түрде жүзеге асыру бойынша өңірлік шаралар жоспарын бекітуді міндеттеді.