Көрмеде нан және кондитерлік өнімдер, ет және сүт өнімдері, жартылай фабрикаттар, тоқыма бұйымдары, былғары, киіз және күмістен жасалған қолөнер туындылары, ұлттық киімдер мен халық тұтынатын түрлі тауарлар қойылды.
Іс-шара Ұлытау облысы әкімдігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Ұлытау облыстық филиалының ұйымдастыруымен өтті.
Көрмені аралаған облыс әкімі Дастан Рыспеков өңірде кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
Байқау қорытындысы бойынша өңірдің 9 кәсіпкерлік субъектісі арнайы номинациялар бойынша жеңімпаз атанып, марапаттар мен арнайы сыйлықтарға ие болды.
Алдағы 2026 жылғы 21 шілдеде жартылай финалистер өңірлік бренд-комитет алдында өз бизнес-идеяларын қорғайды. Іріктеу нәтижесінде үздік 10 жоба анықталып, олар Ұлытау облысының атынан республикалық деңгейдегі көрме-жәрмеңкеге қатысады. Сонымен қатар финалистер кәсіптерін дамытуға арналған 5 миллион теңге көлеміндегі грантқа үміткер болу мүмкіндігіне ие болады.
Аталған байқау жергілікті өндірісті дамытуға, өңірлік брендтерді қалыптастыруға және кәсіпкерлердің жаңа нарықтарға шығуына жол ашатын маңызды алаң болып табылады.