Ұлытау облысында күдіктіден 38 келі марихуана тәркіленді

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлытау облысында есірткі жеткізудің өңіраралық арнасы тоқтатылып, күдіктіден 38 келі марихуана, сондай-ақ қос ұңғылы мылтық пен оқ-дәрілер тәркіленді, деп хабарлайды Polisia.kz .

Фото: Polisia.kz

Ұлытау облысында есірткі заттарын заңсыз айналымға жеткізудің өңіраралық арнасының жолы кесілді. Бұл жұмыс «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілді. 

Ұлытау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен өңір тұрғыны ұсталды.

Тінту кезінде жалпы салмағы 38 келі марихуана тәркіленді. Сонымен қатар қос ұңғылы мылтық пен оқ-дәрілер табылды. Алдын ала мәлімет бойынша есірткі заттары заңсыз айналымға енгізу мақсатында еліміздің оңтүстік өңірлерінен Ұлытау облысына жеткізілген.

– Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында есірткінің жеткізілу көзі, тасымалдау жолы және қылмысқа қатысы болуы мүмкін өзге де тұлғалар анықталады, – деді Ұлытау облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Ербол Қайрбеков.

Полиция есірткі заттарын заңсыз жеткізу және өткізу арналарының жолын кесуге бағытталған жұмыстарды жалғастырып жатыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін есірткі саудасына қатысып, Алматыдан Ақтауға оңай табыс іздеп келген қыз 7 жылға сотталғанын жаздық.

Ал Жетісу облысында есірткіні жарнамалаған тұрғын бас бостандығынан айырылды.