Ұлытау облысында құтқарушылар екі автокөлікті қар құрсауынан алып шықты

АСТАНА. KAZINFORM — ТЖМ Ұлытау облысында құтқарушылар екі автокөлікті қар құрсауынан алып шыққанын мәлімдеді.

Фото: ТЖМ

Дерекке қарағанда, бүгін Ұлытау облысының 112 қызметіне адамдар отырған екі автокөлік қар құрсауында қалып, өз бетінше шыға алмай қалғаны туралы хабарлама түскен.

- Құтқарушылар Жезқазған қаласынан 15 шақырым жерге дереу жолға шықты.

Жеңіл көліктер жолдың тазартылған бөлігіне сүйретілді. Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет болмады, - деп жазды ведомствоның баспасөз қызметінен.

ТЖМ ауа-райының қолайсыздығында тек үлкен жолдар мен тас жолдармен жүру керек екенін еске салады.

Айта кетейік, бүгін елордада және 14 өңірде күн райына байланысты ескерту жасалды.