Алдағы сайлау науқанына барлығы 203 комиссия жұмылдырылады. Оның ішінде алты аумақтық, 70 округтік және 127 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Тұрақты тіркелген мекенжайынан тыс жерде болатын азаматтардың дауыс беруіне де жағдай жасалған. Мұндай сайлаушылар үшін Жезқазғанда екі, Сәтбаевта екі сайлау учаскесі ашылады.
Сайлау комиссияларының құрамында барлығы 1 203 адам жұмыс істейді. Олардың 811-і учаскелік, 350-і округтік, 42-сі аумақтық комиссиялардың мүшесі. Өңірлік сайлау комиссиясының мәліметінше, комиссия мүшелерінің 93,2 пайызының бұл салада тәжірибесі бар. Барлық комиссия толық жасақталған.
Соңғы мәлімет бойынша, Ұлытау облысында 137 652 сайлаушы тіркелген. Дауыс берушілердің басым бөлігі Жезқазғанда тұрады. Мұнда олардың саны — 59 106 адам. Сәтбаев қаласында 42 962 сайлаушы бар. Ал Жаңаарқа ауданында — 18 648, Қаражал қаласында — 10 461, Ұлытау ауданында 6 475 адам дауыс беру құқығына ие.
Депутаттық мандатқа үміткерлердің қатары да белгілі болды. Бірмандаттық сайлау округтері бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттарға 201 кандидат тіркелген. Оның 41-і облыстық мәслихаттан, 94-і қалалық, 66-сы аудандық мәслихаттан депутат болуға ниетті.
Алайда бастапқыда сайлауға қатысуға ниет білдіргендердің барлығы бірдей тіркеуден өткен жоқ. Кандидаттар ұсыну кезеңінен кейін 38 адам өз кандидатурасын қайтарып алған. Тағы екі үміткер сайлау жарнасын төлемегендіктен тіркеуден өте алмады.
Облыстық мәслихат депутаттығына төрт саяси партия да өз кандидаттарын ұсынды. Олар — «Ақ жол», «Ауыл», «Әділет» және Respublica. Партиялық тізімге барлығы 37 адам енгізілген. Ең көп кандидатты «Әділет» партиясы ұсынды — 21 адам. «Ауыл» партиясынан сегіз, ал «Ақ жол» мен Respublica партияларынан төрт-төрт үміткер тіркелген.
Партиялық тізімдерді жасақтау кезінде әйелдер мен жастардың жиынтық өкілдігіне қатысты талап сақталған.
Бұған дейін Қарағанды облысында мәслихат сайлауына 600-ден астам кандидат тіркелгенін хабарлаған болатынбыз.