Ұлытау облысында реновация бағдарламасы қарқынды түрде бастау алды

ЖЕЗҚАЗҒАН.KAZINFORM - Ұлытау облысында тұрғын үй қорын жаңғыртуға бағытталған ауқымды реновация бағдарламасы іске қосылды.

Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

Жоба аясында инвесторлар қаражатының қолдауымен Жезқазған, Сәтбаев және Қаражал қалаларында апатты деп танылған үйлер кезең-кезеңімен сүріліп, олардың орнына заманауи тұрғын үй кешендері бой көтермек.

Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

Қазіргі таңда облыс орталығы – Жезқазған қаласындағы Абай көшесінде орналасқан төрт тұрғын үй қоршауға алынып, дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы он күн ішінде оларды сүріп, жаңа құрылыс жұмыстары басталмақ. Бұл бастама отандық инвесторлардың қолдауымен жүзеге асырылу үстінде. Аталған аумақта комфорт санатындағы бес қабатты екі тұрғын үй салу жоспарланған. Сонымен қатар, аулалар толық абаттандырылып, заманауи жеделсатылар орнатылады.

Сәтбаев қаласындағы апатты үйлер бойынша да жұмыстар алдағы бір ай ішінде басталады деп күтіліп отыр

Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

Айта кету керек, тозығы жеткен тұрғын үй қорын жаңарту мақсатында Ұлытау облысының әкімдігі қытайлық компаниялармен ынтымақтастық орнатып, тиісті меморандумдарға қол қойған болатын. Соның нәтижесінде шетелдік инвестициялар тартылып, 40-қа жуық ескі үйдің орнына көпқабатты заманауи тұрғын үйлер салу жоспарланып отыр.

Жалпы алғанда, облыс бойынша 120 тұрғын үй апатты деп танылған. Осы мәселені жүйелі түрде шешу мақсатында реновация бағдарламасын іске асыруға уәкілетті ұйым ретінде «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы айқындалды. Корпорация барлық 120 үйді кезең-кезеңімен жаңғырту үшін инвесторлар тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Фото: Ұлытау облысының әкімдігі