Ұлытау облысында Telegram арқылы жұмыс істеген халықаралық есірткі арнасы жойылды

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлытау облысында «Kaef Mafia» Telegram-дүкені арқылы синтетикалық есірткі таратумен айналысқан трансұлттық қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.

Фото: Polisia.kz

Арнайы прокурорлардың мәліметінше, қылмыстық схема халықаралық сипатқа ие болған. Топ мүшелері есірткіні жеткізу, буып-түю және тарату жұмыстарын ұйымдастырып, төлемдерді криптовалюта арқылы қабылдаған.

Сонымен қатар қылмыстық топтың негізгі мақсаттарының бірі азаматтарды, әсіресе жастарды психотроптық заттардың заңсыз айналымына тарту болған.

Айта кетейік, 2025 жылы осы іс бойынша топтың екі мүшесі сот үкімімен кінәлі деп танылып, 16-18 жылға бас бостандығынан айырылған. Үкім заңды күшіне енген.

- Алайда арнайы прокурорлар жүргізген қосымша тергеу барысында қылмыстық желінің қалған бөлігі әшкереленді. Белгісіз тұлғаларға қатысты бөлек қылмыстық іс тіркелді.

Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Қарағанды және Ұлытау облыстары аумағында топтың үш қатысушысы ұсталып, олардан ірі көлемде синтетикалық есірткі тәркіленді.

Күдіктілердің цифрлық тасымалдағыштарын талдау барысында қосымша қатысушылар анықталып, Жезқазған қаласының тағы екі тұрғыны ұсталды. Олардан шамамен 1 килограмм психотроптық заттар табылған, - деп жазды қадағалаушы органнан.

Тергеу барысында жеткізушілердің бірі де анықталып, одан 850 грамм есірткі тәркіленді. Кейін жеткізу арнасы толық ашылып, жөнелтуші ретінде Қарағанды қаласының тұрғыны анықталды. Оның тұрғылықты жерінен тағы 800 грамм психотроптық зат алынды.

Жүргізілген операция нәтижесінде қылмыстық желінің негізгі буыны жойылып, заңсыз айналымнан шамамен 3,5 килограмм синтетикалық есірткі тәркіленді.

Қазіргі уақытта үш айыпталушыға қатысты қылмыстық іс сотта қаралуда, тағы төрт тұлға бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталу сатысында.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Айта кетейік, ІІМ жыл басынан бері шамамен үш тонна есірткінің айналымға шығуына тосқауыл қойды.