Ұлытау облысында төрт күдіктіден 23 киіктің ұшасы табылды

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлытау облысында браконьерлікпен айналысты деген күдікпен төрт адам ұсталып, олардың көліктерінен 23 жануардың ұшасы табылды, деп хабарлайды Полиция департаменті.

Видеодан алынған скрин

Заңсыз аң аулау дерегі «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталған. Полиция қызметкерлері мен «Охотзоопром» инспекторлары бірлескен рейд өткізген.

Ұлытау ауданының Мибұлақ ауылдық округі аумағында тәртіп сақшылары екі автокөлікті тоқтатып, тексеру жүргізді.

– Тексеру барысында көліктерден алдын ала мәлімет бойынша киік болуы мүмкін 23 жануардың ұшасы, 21 басы және 46 мүйізі табылды. Сондай-ақ екі тегіс ұңғылы атыс қаруы, 12 калибрлі патрондар, екі пышақ, екі ара және радиостанция тәркіленді, – делінген полиция хабарламасында.

Екі автокөлік те арнайы тұраққа қойылды.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу қорытындысы бойынша күдіктілердің әрекетіне құқықтық баға берілмек.

Айта кетейік, Алматы облысында 260 келі балықты заңсыз аулаған браконьерлер сотталды.