Ұлытау облысында жеке үйдің ауласындағы 100 бума шөп өртеніп кетті

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында жеке тұрғын үйдің ауласында 100 бума шөп өртенді, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі.

Фото: Kazinform/ЖИ

Ведомство мәліметінше, «112» пультіне Сәтбаев қаласындағы Степная көшесінде өрт шыққаны туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына жеткен құтқарушылар «Горняк» саяжай алқабындағы жеке тұрғын үй аумағында жиналған шөптің жанып жатқанын анықтаған.

– ТЖМ қызметкерлері жедел түрде өртті сөндіруге кірісті. Өрт толық сөндірілді. Өртті сөндіруге «Серіктес» ЖШС қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органның өкілдері де қатысты, – делінген министрлік хабарламасында.

Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.

Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтап, шөпті от көздерінен алыс жерде сақтау қажеттігін ескертті.

Айта кетейік, бұған дейін Қостанай облысының Денисов ауданында құрғақ шөп өртеніп, жалын 600 гектар аумақты шарпыған болатын. Өрт толық сөндіріліп, зардап шеккендер тіркелмеді.