Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, «ҚазАвтоЖол» филиал мамандары шұғыл шаралар қабылдап, қозғалысқа уақытша шектеу қойылған кезде автокөліктерді балшықтан шығару жұмыстарын атқарды. Сондай-ақ қозғалысты қалыпқа келтіру үшін жолдың жүру бөлігін тегістеді.
Аталмыш жұмыстарға 6 арнайы техника жұмылдырылды: 2 жүк тиегіш, автогрейдер, «Урал» жүк көлігі мен 2 жол жөндеу қызметінің техникасы.
Мамандардың бірлескен жұмыстарының нәтижесінде учаскедегі көлік қозғалысы толықтай қалыпқа келтірілді.
«Тұрғындар мен жүргізушілер жолдың жағдайы бойынша шұғыл ақпаратты тәулік бойы қызмет көрсететін 1403 байланыс орталығына хабарласу арқылы білуге болатынын хабарлаймыз», - делінген баспасөз баянында.
Осыған дейін Қарағанды облысында жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылғаны туралы хабарладық.