Ұлытауда 2,4 млрд теңгеге жаңа спорт кешені салынады

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM – Ұлытау облысының Жәйрем кентінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен құны 2,4 млрд теңге болатын жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешені салынады, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Мәселе Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің қатысуымен өткен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің отырысында қаралды. Жиында өңірдегі білім беру саласын дамытуға арналған «QH «Білім-Инновация» лицейлерінің тәжірибесін Ұлытау облысының мектептеріне енгізу» қайырымдылық жобасы да талқыланды.

Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

– Бұл жоба өңіріміздегі сапалы білімге қолжетімділікті арттыруға, педагогтердің кәсіби әлеуетін нығайтуға және оқушылардың білім деңгейін көтеруге кең мүмкіндік береді. Біз өз тарапымыздан мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп келеміз. Осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде қала мен ауыл мектептерінің даму мүмкіндігі артып, өңірдегі білім сапасы жаңа деңгейге көтеріледі деп сенеміз. Сондықтан бұл тәжірибені облыс мектептеріне енгізуге толық қолдау білдіреміз, – деді Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков.

Кеңес қорытындысы бойынша Жәйрем кентінде жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу туралы келісімге қол жеткізілді. Жобаның жалпы құны шамамен 2,4 млрд теңгені құрайды. Оның 1,7 млрд теңгесін «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қаржыландырса, қалған бөлігі жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады.

Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Жалпы аумағы 3 250 шаршы метр болатын заманауи спорт кешені 6–18 жас аралығындағы 600 бала мен жасөспірімнің тұрақты спортпен айналысуына мүмкіндік береді. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін 45 жаңа жұмыс орны ашылады.

– «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының өңірдегі әлеуметтік маңызы бар бастамаларды жүзеге асыруға көрсетіп отырған тұрақты қолдауына алғыс білдіреміз. Бұл жобалар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға зор үлес қосады, – деді өңір басшысы.