Ұлытау облысында 9 мыңнан астам тұрғын біржолғы әлеуметтік төлемнен қағылған

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлытау облысында әлеуметтік мәні бар ауруға шалдыққан мыңдаған тұрғын біржолғы әлеуметтік төлем ала алмаған. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.

Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Прокуратура азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету кезінде олардың құқықтары шектелгенін анықтаған. Атап айтқанда, қолданыстағы тізімге 11 ауру түрі енгізілгенімен, біржолғы әлеуметтік төлем оның тек үшеуіне шалдыққан азаматтарға ғана тағайындалып келген.

Осыған байланысты қалған аурулары бар тұрғындар әлеуметтік қолдаудан тыс қалған.

Прокурорлық қадағалау актісінен кейін тиісті нормативтік құқықтық актілер қайта қаралып, әлеуметтік көмек алушылардың қатары кеңейтілді.

Нәтижесінде Ұлытау облысының 9 мыңнан астам тұрғыны біржолғы әлеуметтік төлем алатын болды.

Еске салайық, мұның алдында әлеуметтік төлем қандай жағдайда кері қайтарылатыны жөнінде жазғанбыз.