Ұлытауда екі жасар баланың бронхынан бөгде зат алынды

Фото: Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы

ЖЕЗҚАЗҒАН.KAZINFORM - Ұлытау облысының көпбейінді ауруханасында бронхынан бөгде зат анықталған екі жасар балаға ота жасалды.

Операция тыныс алу жолдары арқылы енгізілетін арнайы құралдың көмегімен жасалады. Жағдайдың күрделілігі – пациенттің небәрі екі жаста болуында.

Осы уақытта облыста А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының көшпелі бригадасы жұмыс істеп жатқан. Бригаданың іс -сапары аяқталуға жақындап, олар Сәтбаев қаласында болатын. Ұлттық орталықтың мамандары көмек көрсету туралы өтінішке талқысыз бірден келісім берді.

Эндоскопист Мәжит Әбдіқадыров Жезқазған қаласынан тура ұшар алдында баланың бронхынан бөгде затты алып тастайды. Бұл ретте Жезқазған қаласының әуежай әкімшілігі дәрігерге рейске жарты сағат қалғанда тіркелуге және ұшаққа отыруға мүмкіндік бергенін атап өткен жөн.

Сонымен қатар, операцияға облыстық көпбейінді аурухананың хирургтары Бауыржан Ешжанов, Нұртілек Құлымжанов, Жезқазған қаласының медициналық орталығының эндоскописті Әлижан Бекқұлиев қатысты.

Қазіргі кезде баланың жағдайы жақсы.