Ұлытауда Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық Кеңесінің отырысы өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін облыс әкімдігінде Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық Кеңесінің отырысы өтіп, оған этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, мемлекеттік органдардың басшылары мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

Жиынды Ұлытау облысының әкімі Дастан Адайұлы Рыспеков жүргізді.

Жиынды ашқан Дастан Адайұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы шешуші рөлін атап өтті.

Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

— Бүгінгі таңда әрқайсымыз үшін бейбітшілік пен келісімді сақтау, қолымызда барды қадағалап отыру бұрынғыдан да маңызды. Ал бізде бар ең бастысы — тұрақтылық, өзара түсіністік және басымыздағы бейбіт аспан. Халық бірлігі — біздің басты байлығымыз әрі табысты болашақтың кепілі, — деді ол.

Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

Жиын барысында ассамблея құрылымдарының бүгінгі жұмысы, этносаралық қарым-қатынасты нығайту, жастар бастамаларын қолдау және өңірдегі этномәдени әралуандылықты дамыту бағытындағы жобаларға кеңінен тоқталған Ұлытау облысы әкімдігінің «Қоғамдық Келісім» мекемесінің директоры Сейтжанова Гүлбану Орынбасарқызының баяндамасы тыңдалды.

Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

ҚХА мүшелері Татьяна Ивановна Хмилярчук пен Александр Сергеевич Ким де қатысушыларға құттықтау сөз сөйледі. Олар мәдени мұраны сақтаудың, жастар арасында әртүрлі халықтардың салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауды тәрбиелеудің маңыздылығын, қазіргі жағдайда қоғамды біріктірудің маңыздылығын атап өтті.

Жиын «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерейтойлық медальдарын салтанатты түрде тапсырумен аяқталды. Бұл жоғары награда қоғам өкілдеріне қоғамдық-саяси тұрақтылықты, этносаралық келісімді нығайтуға қосқан ерекше үлесі және ҚХА қызметіне белсенді қатысқаны үшін берілді.

Айта кетелік Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мерейтойлық медальдармен марапатталған еді.