Ұлытауда «Көкмайса» этнофестивалі басталып, бір мезетте 500 бие сауылды

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM – Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында қазақ халқының бай мұрасы мен ұлттық құндылықтарын дәріптейтін дәстүрлі «Көкмайса – даланың тірі тарихы» этнофестивалі басталды.

Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Өңірде өткен ауқымды шара аясында 35 киіз үй тігіліп, фестивальге 15 мыңға жуық адам жиналды. Іс-шараға Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков қатысып, фестиваль алаңындағы көрме және этноаймақтарды аралады.

Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Фестивальдің алғашқы бағдарламасы креативті аймақпен танысудан басталып, одан кейін ұлттық тағамдар мен салт-дәстүрлер фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

«Көкмайса – облысымыздың брендіне айналған ерекше фестиваль. Биыл ол он бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Осы уақытқа дейін бұл игі дәстүр Ұлытау ауданында өткізіліп келсе, биыл алғаш рет Жаңаарқа жерінде жалғасын тапты. Мұнда алыс-жақын шетелдерден қонақтар қызығушылық танытып арнайы келіп отыр. Бұл біз үшін үлкен мәртебе», – деді Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков.

Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Фестивальдің ең әсерлі сәттерінің бірі – бір мезетте 500 биенің сауылуы болды. Сонымен қатар қазақ халқының көне «Қымызмұрындық» дәстүрі сахналанып, ауыл ақсақалдары ақ батасын берді. Қонақтарға жаңа сауылған қымыз ұсынылып, ұлттық ойындар мен дәстүрлі өнер көрсетілімдері ұйымдастырылды.

Бұдан кейін облыс әкімі еліміздің әр өңірінен келген этноауылдарды аралап, киіз үйлер көрмесімен танысты. Сондай-ақ ұлттық тағамдардан дәм татып, қолөнер шеберлерінің бұйымдарын тамашалады.

Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Фестиваль аясында ұлттық спорт түрлерінен де жарыстар өтті. Қонақтар көкпар, аударыспақ, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, асық ату, жілік сындыру, қошқар көтеру және арқан тартыс секілді ұлттық ойындарды тамашалады.

Күннің екінші жартысында ұлттық спорт жеңімпаздары мен құрақ көрпе тігудің үздік шеберлерін марапаттау рәсімі өтеді.

Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Мерекелік шара кешкі гала-концертпен аяқталады. Сахнада қазақстандық эстрада жұлдыздары Ұшқын Жамалбек, Өзгеріс Жерікбай және JOSHY QAZAQ NATIONAL GROUP өнер көрсетеді.

«Көкмайса – даланың тірі тарихы» этнофестивалі ұлттық салт-дәстүрді, тағамдарды, қолөнерді және этномәдени мұраны насихаттаумен қатар, Ұлытау өңірінің туристік әлеуетін танытуға бағытталған мәдени жобалардың бірі саналады.

Фото: Ұлытау облысы әкімдігі