Ұлытаулық саяхатшы Ulytaumen өз таңдауын жасады

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM – Жезқазған қаласында Құрылтай депутаттарын сайлау аясындағы дауыс беру жалғасып жатыр. Таңғы сағат 10:00-де қаладағы №28 сайлау учаскесіне Ұлытау өңіріне танымал ақсақал, саяхатшы Сәрсенбай Қотырашов келіп, өзінің азаматтық таңдауын жасады.

Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Өмірінің жетпістен асқан шағында ұзақ сапарларға шығып, Қазақстанды және бірнеше шет мемлекетті жаяу аралаған Сәрсенбай ақсақал үшін бұл күннің мәні ерекше.

Саяхатшы 2022 жылы Қазақстанның 17 өңірін жаяу аралап, 8 мың шақырымға жуық жол жүріп өткен. Бұл жетістігі отандық КИнЭС рекордтар кітабына енгізілді. Кейін ол халықаралық жорықтарын жалғастырып, бірнеше мемлекет аумағын жаяу еңсерді. 

Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Ал, биылғы жылы Сәрсенбай Қотырашов 53 күн ішінде Сербия, Венгрия, Аустрия, Германия және Франция арқылы шамамен 3 мың шақырым жол жүріп, Парижге жетті. Оның табандылығы мен белсенді өмір салты көптеген қазақстандыққа үлгі болып отыр. 

Саяхатшының айтуынша, елді жаяу аралау оған Қазақстанның әр өңіріндегі халықтың тыныс-тіршілігін, салт-дәстүрі мен ел азаматтарының арман-мақсатын жақыннан тануға мүмкіндік берген.

— Елдің болашағы әр азаматтың таңдауына байланысты. Сондықтан дауыс беру — жай ғана міндет емес, ел алдындағы азаматтық жауапкершілік, — деді Сәрсенбай ақсақал.

Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Ол дауыс беру учаскесіне келген азаматтарға ақ батасын беріп, елдің бірлігі мен берекесін, жастардың болашағы жарқын болуын тіледі.

Айта кетейік, Сәрсенбай Қотырашовқа 2026 жылы Қазақстанның туризм саласына қосқан үлесі мен белсенді өмір салтын насихаттағаны үшін «Құрметті спорт қызметкері» атағы табысталды. 

Қазіргі уақытта № 28 сайлау учаскесінде дауыс беру процесі жалғасып жатыр. Сайлау учаскелері сағат 20:00–ге дейін жұмыс істейді.