Үлкен Алматы айналма жолында 2026 жылдан бастап жолақы тарифі өзгереді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Келесі жылдан бастап Үлкен Алматы айналма автомобиль жолында (ҮАААЖ) жолақы тарифтері қымбаттайды.
Көлік министрлігі Үлкен Алматы айналма автомобиль жолында жүру үшін төлем алу ережелерін қайта қарап жатыр. Жаңа өзгерістердің мақсаты — адамдардың жолақыны уақытында төлеуін қамтамасыз ету.
Жеңіл көліктер үшін тариф 0,07 АЕК-ден 0,14 АЕК-ге дейін өсіп, 605,5 теңге болады. Басқа санаттағы көліктер үшін де тариф осы көлемде қымбаттайды. Айналма жол әкімшілігінің хабарлауынша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап АЕК мөлшері болжам бойынша 4 325 теңге болады.
Жолақы бұрынғыдай жолда бір сағат бойы болу уақытына және көлік санатына байланысты есептеледі.
Тарифтің өзгеруімен бірге алдын ала төлем немесе кейінгі төлем жасаған жағдайда 50% жеңілдік енгізу жоспарланып отыр:
• Алдын ала төлем — ақылы жолға кірмей тұрып, жеке шотқа немесе көлік нөміріне қаражат аудару. Бұл кезде пайдаланушыға белгіленген тарифтің 50% мөлшерінде жеңілдікпен төлеу мүмкіндігі беріледі.
• Кейінгі төлем — жолды жүріп өткеннен кейін 7 күнтізбелік күн ішінде төлем жасау жол ақысына 50% жеңілдік алуға мүмкіндік береді.
• Егер төлем көрсетілген мерзім ішінде түспесе, 7 күн өткен соң қарыз боп жиналады және жолақыны жеңілдіксіз, толық мөлшерде төлеу керек.
Сонымен қатар Талғар, Қарасай және Іле аудандарында тіркелген тұрғындарға арналған айлық және жылдық абонементтердің құны өзгеріссіз қалады.
Айта кетейік, Үлкен Алматы айналма жолы — Алматы қаласын сыртынан айналып өтетін, транзиттік көлікті қаланың ішкі жүрісінен шығару мақсатындағы 66 шақырымдағы айналма автожол. Ол мемлекеттік меншікке тиесілі және 2023 жылы Көлік министрлігімен жасалған концессиялық келісім аясында «БАКАД Инвестиции и Операции» ЖШС басқаруына берілген.
Еске салайық, бұған дейін Үлкен Алматы айналма жолында апаттық тұрақ аймақтары ашылғанын жазғанбыз.