Үлкен Алматы көліне дейін жаяу жүргіншілер жолы салынады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті.
Сессия барысында Алматы қаласының 2026-2028 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды. Алматы қаласы экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов ішкі бюджетті қайта бөлу нәтижесінде жаңа жобаларға қаржы қарастырылғанын айтты. Оның ішінде Үлкен Алматы көліне дейін жаяу жүргіншілер жолын салу жобасы бар. Оған 665 млн теңге бөлінбек. Ал Медеу табиғи паркін абаттандыру жобасының бастапқы кезеңіне 2 млрд теңге жұмсалады.
Бұған дейін әлеуметтік желіде алматылықтар жаяу жүргіншілерге арнайы жол болмағандықтан, Үлкен Алматы көліне қауіпті жолдармен шығуға мәжбүр екенін айтып шағымданған еді.
Еске салайық, 2025 жылдың ақпан айында Үлкен Алматы көліне апаратын «Алматы-Космостанция» автожолы (8-34 км) ҚазАвтоЖол компаниясының қарамағынан Алматы әкімдігінің меншігіне берілді.
Қалалық туризм басқармасы аталған учаске жол төсемінің апатты жағдайына, тау жыныстарының және тас құлауына байланысты автокөлік құралдары үшін жабық екенін және осы бағытты жаңарту бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев жеке инвесторларды тарту арқылы көлге арнайы экологиялық көлікпен (электрмен жүретін көліктер) тасымалдау жобасын іске асыру қарастырылып жатқанын айтты.