Үлкен Алматы өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстары қашан аяқталады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Үлкен Алматы өзенінің жағалауын жаңарту жұмыстары 2026 жылы аяқталады. Бұл туралы Ерболат Досаев Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесу барысында айтты.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Қала басшысы қазан айында Үлкен Алматы өзенінің жағалауын су бөлгіштен Абай даңғылына дейінгі 5,7 шақырым аумақта реконструкциялау жұмыстары басталғанын атап өтті.

Бұл жұмыстарға 8 млрд теңге бөлінді.

— Жоба аясында бетон тіреуіш құрылымдарын толық жаңарту, жаяу жүргіншілер көпірлерін, балалар және спорт алаңдарын, көше жиһаздарын орнату және веложолақтар салу қарастырылған. Бұл жұмыстарды 2026 жылдың сәуір айында аяқтауды жоспарлап отырмыз, — деді Ерболат Досаев.

Осыған дейін 2025–2027 жылдарға арналған тиісті бюджет жобасы мәслихат сессиясында қаралған еді. 

Айта кетсек, 2024 жылы Алматының Алатау ауданында Боралдай өзені бойындағы 24 гектар аумақты қамтитын жасыл аймақты көріктендіру аяқталған болатын. 

Сондай-ақ Сайран көлінің жағалауын абаттандыруға 4 млрд теңге жұмсалатыны туралы жазған болатынбыз.