Үлкен андронды коллайдер қараша айынан ерте іске қосылмайды - Ядролық зерттеулердің еуропалық орталығы

АСТАНА. Тамыздың 5-і.  ҚазАқпарат  - Элементарлық  бөлшектердің әлемдегі  ең   қуатты   үдеткіші  саналатын -  Үлкен  андронды коллайдер    ағымдағы  жылдың  қараша айының ортасынан  ерте іске қосылмайды.

Бұл туралы бірегей   үдеткішті  жасау  жұмыстарын   жүргізіп,  «үлкен  жарылыстың»      және материяның  энергияға айналуының  құпиясын   ашатын     тәжірибе  жүргізуге  дайындалып    жатқан    Ядролық зерттеулердің   еуропалық орталығынан   хабарлады.  

Женеваның  маңында,    швейцария-француз шекарасында салынған   коллайдер    протон шоқтарын  қарсы  күшпен  айдайтын  күрделі    кешен.    100 метр тереңдікке   салынған 27   шақырымдық    шеңберден   тұратын      құрылыста    протон   шоқтарын  айдау үдерісін   53 жоғары магнит өткізгіші басқарады.  Өткен жылдың   қыркүйек  айында       алғаш іске қосылған  кезде, коллайдердің магнит жүйесінен  ақаулар  анықталған болатын.  Соның салдарынан     жөндеу  жұмыстарын   жүргізу  үшін коллайдердің жұмысы  тоқтатылып  еді.

Ядролық зерттеулердің   еуропалық орталығының  ресми өкілі Джеймс Джиллистің айтуынша, «қазір жөндеу  және   профилактикалық жұмыстар  аяқталып  қалды».   Оның айтуынша,   коллайдер    қарашаның орта шенінде іске  қосылады.  Бірақ  «бұл -   нақты   мерзім емес»,  дейді   Джеймс  Джиллис.