Бұл күні татамиге Қазақстаннан 7 дзюдошы шықты. Іріктеу кезеңінде бесеуі сүрінсе, қалған екеуі жарысты бесінші орынмен аяқтады. Олар - Ғұсман Қырғызбаев (60 кг) мен Севара Нышанбаева (57 кг).
Ғұсман Қырғызбаев алғашқы айналымда венгриялық Сзабо Шабуды иппонмен ұтып, екінші белдесуін Әзербайжан спортшысы Орхан Сафаровқа қарсы өткізді. Сафаровпен өткен белдесу өте тартысы десе де болады. Негізгі уақытта тең түскен балуандар шын мықтыны голден скорда (қосымша уақытта) анықтады.
Голден скорда әзербайжандық Орхан Сафаров сылбыр күрескені үшін үшінші шидосын алып, жарыстан шықты да, Ғұсман Қырғызбаев жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда жапон дзюдошысы Шишиме Торумен кездесіп, белдесу барысында отандасымыз татамиге басымен түскендіктен (ережеге сәйкес, мұндай жағдайда дзюдошының мойны/желкесі/басына зақым келмес үшін жарыстан шығарады) жарысты тоқтатып, жеңіс Шишиме Торуға берілді. Нәтижесінде, Ғұсман Қырғызбаев жұбаныш белдесуде қола медаль үшін күреcке шықты. Онда ол Янислав Герчевтен (Болгария) жеңіліп, жарысты бесінші орынмен аяқтады.
57 келіде сынға түскен қазақстандық Севара Нышанбаева жарысты екінші белдесуден бастады. Ол Лейла Шахинді (Әзербайжан) иппонмен ұтып, жартылай финалда тайпей қызы Лиен Чен-Линнан жеңіліс тапты. Жұбаныш белдесуінде «қолаға» күресуге мүмкіндік алды. Бірақ Нельсон Леви Тимнамен (Израиль) белдескен Севара Нышанбаева жеңіліске ұшырады. Нәтижесінде, отандасымыз «Үлкен дулыға» турнирінде бесінші орынға жайғасты.
Әлемнің 31 елінен 183 спортшы қатысатын бұл додада Қазақстан ұлттық құрамасынан 14 дзюдошы ел намысын қорғайды .