Үлкен регата: президенттік орталықта мектепаралық музей жобасы қорытындыланды

Фото: ҚР ПІБ Президенттік орталығы

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін ҚР Президенті Іс басқармасының Президенттік орталығында «Үлкен регата» мектепаралық музей жобасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен аяқталған финалдық ойын өтті.

Жобаның басты мақсаты – Астана қаласының бірыңғай мәдени-білім беру кеңістігіне интеграциялау арқылы Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының музей жинағын насихаттау.

Фото: ҚР ПІБ Президенттік орталығы

Өткен жылдың қараша айында басталған «Үлкен регата» елордалық мектептердің 7-8 сынып оқушылары үшін ұйымдастырылып, екі кезеңмен өтті. Бірінші кезең бағдарламасы Астанадағы 5 мектеп жанындағы музейлерге арнайы әзірленген «Арнайы қойма», «Мәдениеттер калейдоскопы», «Естелік, ерлік және даңқ» бағыттар бойынша баруды қамтыды. Осы музей нысандарына («аралдарға») барған кезде экипаждар онда ұсынылған материалдармен танысып, түрлі тапсырмаларды орындады.

Саяхат-ойынның арқасында елордалық 9 орта білім беру мекемесінен 50-ден астам оқушы туған өлкесі, қазақстандық қоғамның даму тарихына елеулі үлес қосқан атақты адамдардың өмірі мен қызметі туралы білім алуға бірегей мүмкіндік алды.

Финалға шыққан «Алаш Орда» (№54 лицей-мектебі), «Изумруд» (№60 лицей-мектебі), «Айсберг» (№85 лицей-мектебі) және «Одиссей» (№28 лицей-мектебі) командаларының экипаждары «Архипелагтың» өзінде, яғни ҚР Президенттік орталықтың музейінде жеңімпаз атағына таласты.

«Құрметті қатысушылар, сіздердің әрқайсыңыздың осы күнді асыға күткендеріңізді білемін. Президенттік орталықтың ойынға қатысатын барлық музей нысандарын - «аралдарын» біріктірген «Архипелаг» рөлін сомдауы біз үшін үлкен мәртебе. Бүгінгі регата барлығымызды біріктіріп, ашылуларға деген үлкен құштарлығын, мектеп музейлерінде ұқыпты сақталған құнды мәдени мұрамен танысуға, өз күштерін сынап көруге және «Архипелагта» жинақталған тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихы жайлы материалдарды оқып үйренуге деген ұмтылысын көрсетті», - деді өз сөзінде ҚР Президенттік орталығы директорының орынбасары Серік Сыдықов.

Соңғы ойынның қорытындысы бойынша барлық тапсырмаларды орындаған, «Архипелагтың» құпия жерін бірінші болып тауып, онда табылған жұмбақ экспонат-символға дұрыс түсінік берген экипаж жеңімпаз болып танылды. Гран-при иегері – «Одиссей» командасы.

Қалған жүлделі орындар келесідей бөлінді:

  • 1 орын – «Айсберг» командасы
  • 2 орын – «Изумруд» командасы
  • 3 орын – «Алаш орда» командасы

Марапаттау рәсімі барысында «Үлкен регата» жеңімпаздарына дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді, үздік мұражайлар мен олардың сақтаушылары Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының сертификаттарымен және грамоталарымен марапатталды.

Фото: ҚР ПІБ Президенттік орталығы
Фото: ҚР ПІБ Президенттік орталығы