ОРАЛ. ҚазАқпарат – Бүгінгі референдумда дауыс бергендер арасында жастар да аз болған жоқ. Отаншыл, ұлт болашағын ойлайтын ұрпағымыздың өсіп келе жатқанына қуандым. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің аға оқытушысы Тұрар Шайхиев әсерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал қаласындағы №448 референдум учаскесінде дауыс берген ғалым адамдардың көтеріңкі көңіл күйде келіп жатқандығын жеткізді. Оның айтуынша, бірнеше танысы кездесіп, пікір алмасып үлгерген.
«Бүгін күн райы да жақсы болды. Дауыс беруге 15 жастағы ұлымды ертіп бардым. Болашақта сайлауларға қатысатын Қазақстан азаматы ретінде көзі үйрене берсін деген ниет болды. Оның да ел болашағы туралы пікірі бар. Ұрпағымыз осындай отаншыл, ұлтжанды болып өссе, содан артық қандай қуаныш болуы мүмкін. Ең бастысы, еліміздің ертеңі жарқын болса екен!» - дейді Тұрар Шайхиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын батысқазақстандық ғалымның халықтың емін-еркін өз таңдауын жасап жатқаны туралы айтқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Ұлттық ұланның 18-ге толған сарбаздары референдумда дауыс берді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).