деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қарағанды облысы, Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғалиевтің айтуынша, тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта өзін-өзі тану, бұрын жоғалып кеткен ұлттық құндылықтарды іздеу сияқты қазақ ұлтының ұлт болып қалыптасу үрдісі жүріп жатыр.
«Бүгінгі күні саяси-тарихи ескерткіштерге мән берген жөн. Орыс империясы кезінде оған қарсы шыққан батырлардың ерлігін ескерткіштер арқылы насихаттауымыз керек. Кеңес өкіметін құруға күш салғандардың барлығына ескерткіштер қойылған, бірақ Алаш боздақтарының біріне де осындай ескерткіштер қойылмаған. 19-20-шы ғасырда ұлт үшін құрбан болғандарға ескерткіш орнату ұлт ретінде қалыптасуда өте маңызды деп ойлаймын», дейді Б.Әбдіғалиев.
Сондай-ақ ол Ұлытау ауданы сияқты киелі орындарды мысалға ала отырып әңгіме қозғап, тарихи ескерткіштерді көбінде тек архитектуралық тұрғыда қабылдап жататындығымызды сөз етті. Сонымен қатар ол Ұлытауда Жошы, Алаша ханның ескерткіші, Едіге би мен Тоқтамыстың сүйектері бар екенін және осылардың сүйегі неге Ұлытауда жатқандығына жете мән бермейтіндігімізді айтады.
«Ұлытауда қазақтың үш жүзінің басы қосылған. Таңбалы тас деген жерде бүкіл қазақтың негізгі өкілдері тасқа таңба салған, ол осы күннен бастап біз қазақпыз дегенді білдіреді. Ол қазақтың бірігуін, тұтастығын білдіретін, саяси одақтығын белгісі. Міне осы жерде ескерткіш орнатсақ деп жүрміз», дейді Берік Әбдіғалиев.