Ұлт денсаулығы - табысты болашақ негізі

None
АСТАНА. 29 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Орынбаевтың қатысуымен Денсаулық сақтау министрлігінің алқа мәжілісі өтіп, онда ведомствоның өткен жылғы қызметі кеңінен талқыланып, осы жылғы міндеттер айқындалды.

Еліміздің денсаулық сақтау жүйесі үшін басым бағыттардың бірі ана мен бала денсаулығын қорғау. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар өз жемісін де беруде. Қазақстанда соңғы бес жылдың ішінде ана өлім-жітімі 3 есеге, нәрестелер өлім-жітімі 2008 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге төмендеген. Мәселен, денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың атап өтуінше, өткен жылы ана өлімі 3,7 есеге қысқарса, сәби шетінеуі 25 пайызға азайған. «Ана мен бала өлім-жітімінің төмендеуі халықаралық перинатальды технологияны енгізудің нәтижесінде мүмкін болды. Құрылған 34 орталық базасында 20 мыңнан астам дәрігер мен орта медициналық қызметке біліктілігін арттырды»,- деді ол.

Жалпы, Қазақстанда әйелдер мен балаларға профилактикалық тексерулер, иммунопрофилактика жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Олар барлық қажетті қымбат дәрілік құралдармен қамтамасыз етілген, қосалқы репродуктивтік технологиялар дамытылуда. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген тізімі кеңейтілуде. Мемлекеттік бюджет есебінен жасалатын экстракорпоральды ұрықтандыру циклдері шамамен екі есеге ұлғайтылды. Әйелдерге босанғанға дейін күтім жасауға қажетті барлық жағдайлар жасалуда. Еліміз бойынша әйелдер кеңесі және кабинеттері бар 759 ұйым жұмыс істейді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «бала жасындағы ауруларды ықпалдастыра жүргізу» бағдарламасын іске асыру шеңберінде 5 жасқа дейінгі балаларға профилактикалық қадағалау жүргізіп, 600-ден аса дені сау бала кабинеттері ұйымдастырылды. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымы үлгісін жетілдіру жұмыстары жалғастырылып, учаскелік терапевт және педиатр үшін екінші мейіргер қызметі енгізілуде. Олар созылмалы ауруға шалдыққан науқастарға күтім жасап, шақырту болған кезде дәрігерге көмек көрсетеді. Сондай-ақ, жалпы тәжірибе дәрігері үшін бекітілген тұрғындармен профилактикалық жұмыс жүргізуге (скринингтер, мақсатты топтарды қалыптастыру, салауатты өмір салтына үйрету, профилактика) үшінші мейіргер қарастырылуда.

«Біз посткеңестік кеңістікте алғашқы боп 2011 жылдан бастап балаларды пневмококк инфекциясына қарсы егуді бастадық. Бүгінгі таңда еліміздің 7 өңірінде 450 мыңнан астам бала егілді. Жаңа туылған нәрестелер хирургиясы қызметі белсенді дамып, дүниеге енді келген нәрестелер арасында туа біткен ауруларды анықтау көрсеткіші артып, тиісінше операциялар сәтті жасала бастады», - деді С.Қайырбекова.

Министрдің атап өтуінше, елімізде медициналық қызмет нарығында нағыз бәсекелестік қалыптасқан. Мемлекеттік және жеке ұйымдар үшін тең жағдай жасаудың арқасында медициналық қызметтерді мемлекеттік емес жеткізушілердің үлесі 16 пайызға артқан. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында бюджетке жүктемелерді төмендету әрі медициналық қызметтер сапасын арттыру үшін министрлікпен ұзақ мерзімді болашақта денсаулық сақтау саласында мемлекеттік жеке әріптестікті енгізу әрі дамыту бойынша салалық стратегия қабылданатын болады. Стратегия аясында жобалау, құрылыс, сенімді басқаруға беру, медициналық және медициналық емес қызметтерді қамтитын мемлекет жеке әріптестіктің халықаралық танылған сызбасын пайдалану қарастырылуда.

Қазіргі уақытта науқастарға жоспарлы түрде емделу үшін өзі қалаған кез-келген медициналық ұйымды таңдау құқығы берілген. Бұл өз кезегінде көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға күшті ықпал етті. Өйткені, денсаулық сақтау саласында бәсекелестік орта пайда болды. Біріншіден, бұл төсек-орындарға тәуелділіктен арылтып, екіншіден, жаңа жүйеде науқас басты тұлғаға айналды. 2012 жылы 800 мыңдай адам еркін таңдау құқығын пайдаланып, стационарларда жоспарлы түрде ем алды. Және олардың 46 пайызын ауыл тұрғындары құрады. Республикалық клиникаларда 16 пайызы мамандандырылған көмек алса, солардың 25 пайызы - ауыл тұрғындары. «Бүгінгі таңда республикада стационарлық қызмет көрсетуге бірегей тарифтер енгізілген. «Ақша патенті бірге жүреді» қағидасы іске асырылу нәтижесінде тек 2012 жылдың өзінде өзге елді мекендерден келген науқастар үшін 21 млрд. теңгеден астам қаржы төленді. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу ресурстарды тиімді пайдалануға ынталандырады. Жаңа жүйе енгізілгелі 6 мыңдай төсек орны азайтылып, 8,5 мыңдайы басқа бейімге ауыстырылды. Күндізгі ресурс үнемдеуші стационарларда емделіп шыққандардың саны шамамен 3 есеге өсті», - деп атап өткен министр жергілікті атқарушы органдар өздерінің қарауында қалған төсек орын қорларын тиімді пайдалану бойынша шараларды жеткілікті қабылдап отырмағандығын да сынға алды.

Ал ағымдағы жылы министрлік алдында тұрған басымдықтар мен міндеттерге тоқталған оның сөзіне қарағанда, біріншіден ана мен бала өлім-жітімін, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді, окнологиялық ауруларды, туберкулезді төмендету және көліктік медицинаны дамыту бойынша іс-шараларды жалғастырмақ. Екіншіден, әлеуметтік бағдарланған алғашқы медициналық-санитарлық көмекті одан әрі дамыту жолға қойылмақ. Үшіншіден, амбулаторлық дәрі-дәрмектік қамтамасыз ету жүйесі жетілдіріліп, форумлярлы жүйе енгізіледі. Төртіншіден, жалпы денсаулық сақтау жүйесіне инновациялық жобалар мен алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу жалғасады. Бесіншіден, медициналық көмек көрсету стандарттары халықаралық нормаларға сай жетілдіріледі. Алтыншыдан, менеджментті заманауи әдістерін, мемлекеттік секторда корпоративтік басқару қағидаларын енгізу белсенді жүргізіліп, мемлекеттік жеке серіктестік дамытылады. Жетіншіден, денсаулық сақтау мамандарын дайындау құрылымы жетілдіріледі. Сегізіншіден, «Ақпаратты Қазақстан - 2020» Мемлекеттік бағдарламасы аясында денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі одан әрі дамытылады.

Сондай-ақ алқа мәжілісінде сөз алған халық қалаулысы Дариға Назарбаева еліміздің медицина саласында орын алып отырған кемшіліктері ашып көрсетті. «Денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі үлкен тақырып. Ол 2005 жылы Астана мен Ақмола облысында енгізіле бастаған болатын. Осыған қарамастан ол сынақ ретінде енгізілген мекемелерде дәрігерлер әлі де болса аурудың екі тарихын жазады - электронды және қолменен. Бұл Денсаулық сақтау министрлігінің аурудың қағаздағы тарихын жүргізуді міндеттейтін 2010 жылғы 23 қарашадағы №907 бұйрығымен байланысты», - деді ол. Оның пайымынша, бірыңғай ақпараттық жүйені қолданып отырған мекемелерде бұл бұйрықты орындауды алып тастау қажет. «Ал қазір электронды науқас тарихын жазу бұйрықпен әлі де болса бекітілмеген және дәрігерлер біздермен кездесуінде жұмыс уақыттарының 70 пайызын пациентке емес, қағаз-компьютерлік сарсаңға жұмсайтындығын айтуда», - деп атап өткен Д.Назарбаева бұл саладағы кадр тапшылығына да ерекше назар аудартты. Депутаттың алға тартқан деректеріне қарағанда, бүгінде еліміздің медициналық мекемелерінде 4 мың жұмыс орны бос тұр. Ал бұл қызметтерді иеленуі тиісті жоғары оқу орындарының түлектері мамандықтары бойынша жұмысқа бармауда.

Жиынды қорытындылаған Е.Орынбаев алдағы уақытта еліміздің үздік медициналық мекемелері ғана жоғары технологиялық көмек көрсете алатындығын баса айтты. «Біздерде жоғары технология бойынша өсім айтарлықтай. Мәселен, 2009 жылы бізде жоғары технологияларға шамамен 7 млрд. теңге жұмсалса, ал 2012 жылы шамамен 42 млрд-қа жетті. Ағымдағы жылы тегін медициналық көмек бойынша біздерде бөлек келісім, жеке талап болады. Біз квота бөлетін боламыз. өйткені мұндай өсіммен ешқандай ақша жетпейді. Тек үздік ауруханалар, яғни кадрларды дайындаудың жоғары критерийлері, қаржылық көрсеткіш сынды жайттарға сәйкес келетіндер ғана квота алады және жоғарғы мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге келісім жасасады», - деді ол.

Үкімет басшысы орынбасарының баса назар аударған тағы бір мәселесі «алтын сағат» ережесін енгізуге қатысты болды. «Менің ойымша, біздерге қандайда бір оқиға орын алған кезде 1 сағаттың ішінде көмек көрсетуге мүмкіндік беретін «алтын сағат» ережесін енгізетін уақыт жетті. Бұл өте маңызды»,- деді ол. Е.Орынбаевтың атап өтуінше, қалааралық тас жолдарда, әсіресе Алматы мен Астана арасындағы автожолдарда жедел медициналық көмек көрсетуге қатысты жоспарлар бар. Сондай-ақ қала ішінде де жедел жәрдем көліктері паркін жаңарту да маңызды болып отыр. «Біздерге болашаққа қандай да бір регламент әзірлеу қажет. Күзде Астана түбінде орын алып, 15 адам қаза тапқан трагедияда адамдарды жол-жөнекей мінгізіп жеткізді. Бұл оқиға әсіресе ауылдық жерде тікұшақты көтеруге біздерде 1,5 сағаттан астам уақыт кететіндігін көрсетті», - деді ол.