Өйткені, мемлекеттік қызметті дамыту - бұл Қазақстан мемлекеттілігін нығайтып, қоғам мен мемлекетті түбегейлі өзгертуге, ең ақыры жаһандық және iшкi сын-қатерлерге қарсы атқарылатын ауқымды дүниелердің сапалы атқарылуына деген салмақты саясатты білдіртеді. Сондықтан да, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының алғашқы 15 қадамы Қазақстанның мемлекеттік қызмет жүйесіне арналған болатын. Осындай міндеттер ауқымын қамтыған реформаны заңнамалық тұрғыдан қолдау үшін жақында Қазақстан Парламенті «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» ҚР Заңын қабылдап, құжатты Президенттің қол қоюына жолдаған еді. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі дайындап, заң шығарушы билік алдында қорғап шыққан осы заң қоғамның үдесінен қалай шығады? Енді осы мәселелерге назар аударсақ.
Тұтастай алғанда құжат Елбасы айқындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы мемлекеттік аппараттың кәсібилігі мен дербестігіне бағытталған шараларды жүзеге асыруға бағытталады. «Заң мемлекеттік қызмет саласында ашық конкурстық іріктеуді қамтамасыз етуге, құзыреттілік негізінде мақсаттық, яғни лауазымдық жоғарылатуға, нәтижеге байланысты еңбекақыны анықтауға бағытталады. Бұл шаралар мемлекеттік қызметтегі тамыр-таныстық, ағайынға бұрушылық пен заңсыз қамқоршылық жағдайларын барынша жояды», - дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров. Оның айтуынша, негізінен құжат мансаптық қағидатқа негізделген мемлекеттік қызметке кіру, үміткерлік тәртібін, сондай-ақ құзыреттілік және конкурстық тәсілдерді реттейді. Бұл ретте алғаш рет мемлекеттік қызметке қабылдау үш сатылы конкурстық іріктеу арқылы жүзеге асатын болады.
Бірінші кезеңде үміткерлердің заңдарды білуі мен шеберлігінің шыңдалғаны, дағдылық мәселелерін анықтайтын құзыреттілік бойынша тестілеуден өтеді.
Екінші кезеңде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде үміткерлермен арнайы сұхбаттасу арқылы үміткердің жеке қасиеттері тексеріледі. Соның ішінде этикалық сапаға, тұтынушыға бағдарлануы, тиімділік және жемқорлыққа төзбеушілігі, мемлекеттік қызметтің құндылықтарын жақтау секілді деңгейлері анықталмақ.
Үшінші кезеңде мемлекеттік орган үміткерлердің кәсіби һәм салалық білімін, біліктілігін, икемділігін әңгімелесу арқылы айқындайтын болады. Айта кетерлігі құқық қорғау қызметіне алғаш рет кіргісі келетін үміткерлер тестілеу мен жеке қасиеттерін бағалау жұмыстары агенттікте өткізіледі.
«Конкурстан сәтті өткендер үшін оларға тәлімгерлер белгілене отырып, үш айдан алты айға дейінгі аралықта сынақ мерзімі белгіленеді. Осы мерзім ішінде сынақтан өте алмағандар агенттіктің келісімімен жұмыстан босатылуы тиіс. Мемлекеттік қызметкерлердің мансаптық жоғарылауы тек конкурстық негізде жүзеге асатын болады. Бұл ретте құзыретпен қатар, төменгі лауазымдағы жұмыс өтілі де талап етіледі», - дейді агенттік басшысы Қайрат Қожамжаров. Оның айтуынша, жоғарыда аталған тетіктермен қатар, шетелдік менеджерлерді де тарту ұсынылып отыр. Олар кадр саясаты жөніндегі Ұлттық комиссияның шешімімен келісімшарт ретінде жұмысқа қабылданады. Шетелдік мамандар арнайы тексерістен де өтеді. Бұдан бөлек, бұрынғы депутаттардың, саяси қызметкерлердің, судьялардың, «А» және «Б» корпустарының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасу тәртібі жеңілдетіледі. Бұл үшін комиссия шешімі ғана қажет етіледі.
«Ауысу және «Б» корпусының кадрлық резервтер институттары жойылады. Баспанамен қамтамасыз етумен бірге, «Б» корпусының басшылық лауазымына ротация институты енгізілуде. Бұл институт мемлекеттік қызметшілердің кәсіби ой өрісін кеңейтіп, оларға қосымша құзыреттер игеруге мүмкіндік беріп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға ықпал етеді. Яғни, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік әкімшілік қызметтердің ротациясы жүзеге асырылады. Ал мемлекеттік қызметшілер басқа жерге ротация кезінде жекешелендіру құқығынсыз мемлекеттік тұрғын жаймен қамтамасыз етілетін болады», - дейді Қайрат Қожамжаров.
Айта кетерлігі, Елбасы мемлекеттік қызметтегілер үшін еңбекақыны нәтижеге қарай төлеу туралы мәселені де көтерген болатын. Жаңа заңнамада осы норма да қамтылған. Мәселен, заңнамада еңбекақы төлеудің факторлық, баллдық шәкіліне қатысты құқықтық негіз белгіленеді әрі аталған норма «бірдей еңбек үшін бірдей еңбекақы» қағидатын қамтамасыз етпек. Бұл ретте еңбекақы төлеудің басты көрсеткіштері: жұмыстың қиындығы, күрделілігі, жауапкершілік деңгейі, стратегиялық мақсаттарға қол жеткізудегі қызметшінің үлесі айқындалады. Ал нәтижелі жұмыс көрсеткіштерін көрсеткен қызметшілер бонустарға ие болады. Бонус қорын қалыптастыру үшін басшылар мемлекеттік органның штат санын, әкімшілік шығындарын оңтайландыру құқығы да беріледі.
Айта кетерлігі, жаңа редакциядағы заң жобасы мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдері де күшейтілмек. «Мәселен, орнында жоқ қызметшілердің орнына еңбек еткені үшін үстемеақылар, жұмысқа қайта орналасқан адамдардың ішкі конкурстарға қатысу мүмкіндігі көзделеді. Заңнаманың ережелері мемлекеттік қызметшілер мен саяси қызметшілердің, жауапты хатшылардың, аппарат басшыларының арасындағы өкілеттіктер аражігін анықтайды. Бұл әкімшілік қызметтерге саяси ықпалды төмендетіп, олардың дербестігін күшейтеді. Мемлекеттік органдардың саясатының тұрақтылығына алып келеді. Тоқтала кететін жайт, дәл осындай ережелер мен нормалар Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ұсынымдарына толық сәйкес келеді» , - дейді Қайрат Қожамжаров.
Тоқтала кететін және бір жаңалық - мемлекеттік қызметшілерді оқытып, олардың біліктілігін арттырудың институционалдық негізі жетілдіріле түседі. Бұл үшін мемлекеттік қызметшілерге әр үш жыл сайын бір реттен кем болмайтындай оқытылу міндеті қарастырылып отыр.
«Мемлекеттік қызметшілердің қызмет әдебін, қызметтік этиканы ұстануы бойынша негізгі талаптары бекітіледі. Бұл мәселемен, оны жүзеге асырумен жаңадан енгізілетін Лауазым және этика жөніндегі уәкілге жүктелмекші. Сонымен қоса аттестация өткізу бойынша әдістемелер де қайта қаралады. Мәселен, бұдан былай аттестаттауға жататын қызметшілер санаты, тәртібі мен мерзімі тек Мемлекет басшысы тарапынан айқындалады», - дейді агенттік басшысы.
Тұтастай алғанда, заңнамадағы өзгерістер мемлекеттік қызметтегі меритократия қағидатын бекітуге, мемлекеттік қызмет істерінің кәсібилігін арттыруға жол ашады. Сарапшылар заңның қабылдануы мемлекеттік аппаратты тиімді ете түседі деп санайды.