Орталық сайлау комиссиясы науқанды ұйымдастыру үшін қажетті нормативтік актілерді, қаулы-қарарларды қабылдады, кестені бекітті. Ұйымдастыру мен өткізу аясында семинар-кеңестер болды. Халықтың ақпараттандырылуы да өз деңгейіне көшті. Халықаралық байқаушыларға, ұйымдарға шақыртулар да жөнелтілді. Ал саяси партияларға келсек, ең бірінші белсенділік әдеттіегідей «Нұр Отан» саяси партиясынан көрінді. Айта кетейік, Парламент Мәжілісінің сайлауына науқанға қатысуға ниет білдірген барлық саяси партиялар қатыса алады. Партиялар өздерінің съездерін өткізіп, онда партиялық тізімдерін бекітіп, ол тізімді Орталық сайлау комиссиясына ұсынуы тиіс. Ал тізім енгізілгеннен соң, әрбір кандидатты тексеруге кіріседі. Бұл сайлау заңнамасының талабы.
Осындай жолмен сайлауға белсене қатысуға ниетті саяси күштер арасында алғаш болып «Нұр Отан» партиясы бүгін съезд ашты. Партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан алқалы жиынға өңірлерден 600-ден астам делегат келіп, жалпы жиынға 2 мыңнан астам адам қатысты. Съезде партияның 2016-2021 жылдарға арналған «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасы қабылданып, 127 адамнан тұратын Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің партиялық тізімі бекітілді.
Дағдарыстың өзі жаңа деңгейге көтерілуге септігін тигізеді - Н. Назарбаев
Кезектен тыс съезд ашу туралы қаулыны партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сайлау белгіленгеннен соң көп күттірмей-ақ жария еткен. Сондықтан, алқалы жиынға әзірлік те алысқа ұзамады. Алдымен өңірлерде партия филиалдарының басқосуы өтіп, делегаттар сайланып, сосын сайлауалды бағдарлама жобасы партияның Саяси Кеңесінде талқыланды. Осылайша, 970 мың мүшесі бар еліміздегі ең үлкен саяси күш алдағы додаға бірінші боп қамданды. Жиын барысында партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев негізгі баяндаманы жасады. «Біз үшін бұл өте бір тарихи әрі жауапты сәт. Біз Парламент Мәжілісінің сайлауына қатысуға қажетті шешімдерді бүгін қабылдауымыз қажет. «Нұр Отан» партиясының 17 жылдан бері қарай көшбасшы болып келе жатқандығы біздің экономикамыздың, мемлекет пен қоғамның нақты жетістіктеріне айналғанына куәміз», - деді Н. Назарбаев.
Шындығында, осы уақыт ішінде еліміз гүлденді, өркениетті елдермен теңесті. Озық дамыған отыз елдің қатарына ұмтылатын дәрежеге жетті. Мәліметтерге сүйенсек, осы жылдары ұлттық экономиканың жалпы ауқымы 23 есе ұлғайған. Соңғы алты жылда Қазақстан экономикасының 28 жаңа саласы пайда болып, 890 өндіріс іске қосылыпты. Бұрын ешқашан өндірілмеген 400 жаңа өнім түрлері өндіріле бастады. Тұтастай алғанда, 17 жылда жан басына шаққанда ЖІӨ Қазақстанда 20 есе өскен. Партияның алдыңғы сайлаудағы тұғырнамасын жүзеге асыру барысында қыруар жұмыс атқарылып, халық алдында алынған міндеттемелер мен көздеген мақсаттар мерзімінен бұрын орындалды. Ендігі міндет, ел алдында тұрған сын сағатта халықтың сенімін тағы арқалап, жаңа жағдайда жұмыс істеуге жұмылу. Ал бұл жұмылу ісінде «Нұр Отан» саяси партиясы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын нысанаға алып, бес институттық реформаны халық игілігіне айналдыруды қарастырады. «Мен жақында өзімнің мақаламда Ұлт жоспарын жүзеге асыруды жан-жақты айтып өткен болатынмын. Бүгін де қайталаған артықтық етпейді. Ең бастысы барлық мемлекеттік қызметкер осыған жұмылуы керек. Сондықтан да, мен біздің атқарып жатқандарымыздың маңыздылығын халыққа барлық деңгейде түсіндіру керек деп санаймын. Барлығы халық игілігі үшін атқарылуда. Бұл атқарылып жатқанның барлығы Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына енуі үшін маңызды», - деді Н. Назарбаев. Елбасының айтуынша, әлемнің оза дамыған 30 елі дегеннің өзі осы Ұйыммен байланысты. «Бұл біздің басты міндетіміз. Біз аса күрделі экономикалық даму кезеңінде реформаларды қолға алып отырмыз. Бұл солай болуы да керек. Дағдарыстың өзі жаңа деңгейге көтерілуге септігін тигізеді. Сондықтан да, «Нұр Отан» партиясының, оның әрбір мүшесінің міндеті - осы. Ұлт жоспары - біздің алдағы бес жылдығымызды қамтитын сайлауалды бағдарламамыздың өзегі», - деді Елбасы.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына кеңірек тоқталды. Атап айтқанда, Елбасы дағдарысқа қарсы тұрақтандыру мәселесіне ерекше назар бөлді. Биылғы жылға дәл осы мақсаттарға республикалық бюджеттен 225 млрд теңге резерв қарастырылған екен. Сол төңірегіндегі атқарылатын шараларға тоқтала келе президент ең басты мәселе жұмыссыздықпен күрес екенін ескертті. «Нұрлы жол» жобаларын жүзеге асыру барысында жақын аралықтағы жылдар ішінде 400 мың жұмыс орны қамтамасыз етіледі. Қазақстанда жұмыссыздық деген болмауы керек. Бұл үшін барлық мүмкіндіктер бар. Жалпы жұмыссыздық тақырыбы - әр ел үшін маңызды мәселе. Тек ағымдағы 2016 жылы республикалық бюджеттен осы мақсаттарға 225 млрд. теңге сомасында арнайы резерв қарастырылған», - деп тоқталды Мемлекет басшысы. Осы орайда Президент елімізде тиісті бағдарламалар мен қаржылық қолдау тетіктері қамтылғанын, сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасын» өзектендіру арқылы еңбек адамдарына қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы әлемде 250 миллион адам жұмыссыздық шырмауында екенін, 1 млрд. 700 миллион адам еңбекке қабілетті екенін айта келе, тек 1,2 млрд. адам барша әлемде тұрақты жұмыспен қамтылғанын атап өтті. Қысқасы дағдарыс жылдарында халық арасында жұмыссыздықты ауыздықтаған Үкімет ұтады дегенге келтірді Елбасы.
Бұдан бөлек, Президент жаһандық нақты сын-қатерлер мен жаңа нақты ахуал жайын да қозғады. Экономиканың қайта өзгеру бағыттарына да көз жүгіртті. Әлем күрделі экономикалық, қарама-қайшылық даму кезеңін бастан кешіріп жатқанына да назар аудара сөйледі.
«Жаһандық экономиканың құрылымдық өзгерісі жүріп жатыр. Осының өзі әлемдік өндіріске өз әсерін тигізіп, еңбек бөлінісінің жаңа сұлбасын қалыптастырып отыр. Сонымен қатар, геоэкономикалық супер циклдың аяқталуы байқалады. Тарихқа көз жүгіртейікші. Оңтүстік Шығыс Азия дағдарысы 1997 жылы басталды. Ал 1998 жылы әлем азиялық дағдарыстың салдарын бастан кешті. Есте болса, мұнай бағасы сол тұста барреліне 8,5 доллар болды. Сосын онжылдықтар бойы мұнай бағасы өсіп, 130 долларға дейін жетті. Сосын қайтадан онжылдықтар бойы құлдырау басталды. Бұл құлдырау күні бүгінге дейін жалғасып, ендігі күні шегіне жететін тәрізді. Сонымен қатар, біз мұнай баррелінің бағасы 30 доллар болған кезеңде жарты жыл бойы өмір сүріп келеміз. Ештеңе де болған жоқ қой. Біз бұл дағдарысты да еңсереміз, ол ұзақ болуы да мүмкін, алайда оның жақсы жақтары да жоқ емес. Біз индустриялық саясатты жасадық, «Нұрлы жол» бағдарламасы бар, қолжетімді тұрғын үй, арендалық баспана бағдарламасын қабылдадық. Осының бәрі дағдарысқа қарсы күрес. Ең бастысы халыққа жұмыс беру, мұның бәрі жолға қойылды. Біз барлық жерде бағаның құлдырауын бақылап отырмыз», - деді Елбасы. «Біз шынайылықта өмір сүруге тиіспіз. Тәуекелдерді еңсеріп, даму үшін мүмкіндікті таба білу маңызды. Кейбіреулер мұнай бағасы қайта көтеріледі деп ойлауы мүмкін, олай болмайды. Бұл ұзақ үдеріс, осыған бейімделуге тиіспіз. Бізде дағдарысты еңсеруге бағытталған ресурстар жеткілікті», - деді партия Төрағасы.
«Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» бағдарламасы қабылданды
Партия съезінде қабылданған бағдарлама 2016-2021 жылдардағы «Нұр Отанның» межелеген жоспарларын қамтиды. «Алдымыздағы бес жыл Қазақстанның ХХІ ғасырдағы тағдыр-талайы қандай болатынын айқындайды. Біздің еліміздің, беріктігі, біздің бәріміздің беріктігіміз сынға түсетін болады. Баршамызды елді жаңарту орайындағы ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Біздің міндетіміз елді сақтау, Егемендікті нығайту және Ұлттың болашаққа барар жолын батыл ашу. Біз жаһандық сын-қатерден бұғып қала алмаймыз. Біз осыған қасқайып қарсы тұруға тиіспіз», - делінген бағдарламаның кіріспесінде. Тұтастай алғанда құжат бес институционалдық реформа шеңберіндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының негізгі бағыттарына негізделіп отыр.
8 бөлімнен тұратын бағдарламада жаһандық сын-қатерлер және жаңа нақты ахуал мәселелеріне шолу жасалып, нақты іс-қимылдар қамтылады. Экономикалық қайта өрлеудің негізгі бағыттары айқындалады. Жаңа әлеуметтік саясат бекітіледі, соның ішінде тиімді әлеуметтік мемлекет, тұрғындардың осал топтарын қолдау, еңбекпен қамту, жаңа тұрғын үй саясаты, денсаулық пен білім беруді үздік әлеуметтік стандарттарға жеткізудің нақты жоспарлары көрсетіледі.
Бұдан бөлек, экономикалық қайта өрлеу бағыттары бойынша жекешелендіру және тиімді меншік иелерін қолдау, орта тап - елдің жалпы дамуының ресурсы, жаңа инвестициялық саясат, экономикалық қауіпсіздік шараларының нақты жоспары айқындалады. Тұтастай алғанда, партияның сайлау алды бағдарламасында қамтылған мақсаттарға қол жеткізу жолы бүкіл қазақстандықтардың бірлескен іс-қимылында жатыр. «Сондықтан да, партиямыз Қазақстанның барлық азаматтарын бірлікке шақырады. Бүгінгі біздің басты миссиямыз - қоғамды Елбасы Н. Назарбаевтың төңірегіне топтастыру. Оның стратегиялық бағыты дағдарыстан нығайып және бәсекеге анағұрлым қабілетті етіп шығуға жағдай жасайды», - делінген бағдарламада. Осыған байланысты «Нұр Отан» партиясы барлық отаншыл азаматтарды еліміздің игілігі үшін өз бағдарламасын қолдауға шақырады.
Айта кетерлігі, бағдарламада көрсетілген межелер мен жоспарлардың барлығы орындауға толық болатын шаралар. Бұны Елбасы да атап өтіп, халықтың қолдауы болатынына да сенім білдірді. «Баршамыздың мүддеміз ортақ, бұл - тұрақты, біртұтас Қазақстан. Мемлекетіміздің Мәңгілік Ел атты арманын орындауға тиіспіз. Бірлік арқылы тұрақтылық та, тұрақтылық арқылы жасампаздыққа да жол ашылады. Бұл біздің айнымас қағидамыз. «Нұр Отан» берген уәдесін әрқашан орындап келеді, қазір де орындайтынына сендіреміз. Сол себепті халық қашан да «Нұр Отан» партиясына сенеді, қазір де сеніп отыр. Мен партиямыздың бұл сайлауда да халықтың жоғары сеніміне ие болатынына сенімдімін. Біз «Қазақстан-2050» стратегиясына жаңа ел болып, бірге жетуіміз керек. Мен Мәңгілік Елге айналатынымызға сенемін», - деді Н. Назарбаев.
«Нұр Отан» Мәжіліс сайлауына депутаттықтан үміткерлердің тізімін бекітті
Съездегі басты жаңалықтардың бірі - Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткерлердің партиялық тізімін бекіту болатын. Айта кетерлігі, партиялық тізіммен сайланатын Мәжіліс депутаттарының саны 98 адамды құрайды. Алайда, партиялар осы санға қосымша 30 пайызға үміткерлер тізімін арттырып, бекіте алады. Соған байланысты партиялық тізімде 127 адам қамтылған, бұл кандидаттардың тізімі «Нұр Отан» партиясының Саяси Кеңесінде алдын ала мақұлданған. Үміткерлер арасында бесінші шақырылымның бірқатар депутаттары, бірқатар облыс әкімдері, министрлер мен Үкімет мүшелері, спортшылар мен әншілер де бар.
Мәселен, партиялық тізім бойынша атақты боксшы Геннадий Головкин мен әлем және олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев, Илья Ильин енді. Сонымен қатар, еліміздің танымал әншілері Қайрат Нұртас пен Жанар Доғалова, Айман Мұсақожаевалар өтті. Бірқатар министрлер мен әкімдер, ұлттық компания басшылары да партиялық тізімге енген. Мәселен, министрлер арасында Арыстан Мұхамедиұлы, Бақыт Сұлтанов, Үкімет басшысының орынбасары Дариға Назарбаева, ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Нұрлан Нығматулиндер де бар. Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау да үміткер ретінде тізімде болды. Облыс әкімдері, солардың ішінде Бердібек Сапарбаев, Сергей Кулагин, Алик Айдарбаев, Амандық Баталов, Даниал Ахметовтер де партиялық тізімге енген.
Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан, Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК президенті Ахметжан Есімов, актер Нұрлан Әлімжанов та бұл тізімнің ішінде бар болып шықты.
Ендігі күні «Нұр Отан» партиясынан бекітілген үміткерлер тізімі Орталық сайлау комиссиясына тіркеу үшін беріледі. Ал сайлау комиссиясы Конституция талаптарына сәйкес, кандидаттардың әрбірін заң талаптарына сай келетінін сүзгіден өткізіп шығуы керек. Конституцияға сәйкес жасы 25-ке толған, Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан адам Мәжіліс депутаты бола алады. Сондай-ақ, тізімге енген депутаттық креслодан үміткерлер салық және басқа да мемлекеттік органдар тарапынан тексеріледі. Тұтас алғанда, кандидаттарға қойылатын талаптар мен оларды кейіннен тексеру жалпыға бірдей әлемдік тәжірибе болып табылады және демократиялық елдердің барлығында қолданылады. Барлық тексерулер аяқталған соң, Орталық сайлау комиссиясы саяси партияның тізімін тіркеп, оларға сайлау алдындағы бәсекеге жол ашады.