Осының ішінде Президенттің «100 қадам» Ұлттық жоспарының мән-маңызы ерекше. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаменті тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Мирболат Нұртазин мәлім етті.
Оның айтуынша, Ұлт жоспарының ерекшелігі барынша тез қабылданып, атқарылатын жұмыстардың қарапайым халыққа түсінікті және нақты белгіленуінде. Сонымен қатар Ұлт жоспары Астана экономикалық форумы алдында жарияланып, оған аталмыш жиынның мәртебелі меймандары жоғары баға берді.
Ұлт жоспарында белгіленген басым бағыттарды орындау - мемлекеттік аппарат, басқа да сала қызметкерлері, жұртшылық өкілдері және жалпы халықтың міндеті. Бұған дүние жүзіне танымал бір сарапшының «Бағдарламалар мен жоспарларды жасақтап, талқылап, қабылдаған кезде демократия қағидаттары қажет, ал оларды орындау кезінде диктаторлық әдісті қолдану жөн» екендігі туралы пікір-пайымы дәл келетін сияқты. Қалай еткенде де, әр жоспар-жоба орындалуымен құнды екендігі - талас тудырмайтын ақиқат.
Бес реформаның біріншісі экономикалық бағдарламаларды сапалы жүзеге асыруды және мемлекеттік қызметтерді ұсынуды қамтамасыз ететін қазіргі заманғы, кәсіби және автономиялы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру болса, енді осыны іске асыру тетігі «100 қадамның» бастапқы он бес қадамында нақты көрініс тапқан. Оның ішінде жаңа заңнамаларды әзірлей отырып, жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту және оның жүйелі түрде алдын алуға ерекше мән берілген. Осы орайда айта кетейік, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда өңірлерде қызмет атқаратын тәртіптік кеңестердің маңызы зор. Өз жұмысын жариялы, ашық түрде жүргізетін тәртіптік кеңес мемлекеттік қызметкерлерді заң бұзудан сақтандырады. Заң бұзылған жағдайда тиісті тәртіптік шара алуды ұсынады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің қызметкерлері де сыбайлас жемқорлық әрекеттерін азайту мен жоюға бағытталған шаралар, түрлі семинар-кеңесті тұрақты ұйымдастырып, толғақты мәселелерді көппен бірге талқылай отырып, Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізуде.
«Ұлт жоспарын орындауда алдымен мемлекеттік қызметкерлер алда болып, үлгі көрсетуі тиіс. Өйткені мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырушы да, қадағалаушы да - мемлекеттік қызметкерлер. Сондықтан оларға жүктелер жауапкершілік жоғары. Қоғамда болып жатқан оң құбылыстар елдің өмірімен тығыз байланысты, ол мемлекеттік аппаратқа да тән. Егер мемлекеттік аппарат өз жұмысын кәсіби түрде атқара білсе, барлық іс оңға басады. Ең бастысы, ол халықтың сеніміне ие болып, ойынан шығады», - деп түйіндеді ойын М.Нұртазин.