Ұлт жоспарын жүзеге асыруды жалғастыру үшін Мәжіліс депутаттары жаңа сенім мандатын алуы керек - сарапшы

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Саясаттанушылар конгресінің» төрайымы Жанаргүл Құсманғалиеваның пайымынша, Мемлекет басшысының Ұлт жоспарын жүзеге асыруды жалғастыру үшін Мәжіліс депутаттары жаңа сенім мандатын алуы керек.

«Мәжіліс депутаттарының бастамасы қисыны бар ұсыныс деп пайымдаймыз және біз осындай пікірге қалайша келіп отырғанымызды түсіндіре аламын. Біріншіден, бұл әлемдегі халықаралық ахуал. Баршамыз әлемдік экономикаларда орын алған жаһандық дағдарысты көріп отырмыз. Барлық елдердің экономикалары қиын кезеңнен өтіп жатыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай алдағы уақытта қиындауы ықтимал, осы орайда дағдарыстың жаңа толқыны туындауы мүмкін. Осыған біздің еліміздің лайықты жауабы ретінде «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» - Ұлт жоспары болып отыр»,-деді Ж. Құсманғалиева.

Оның сөзіне қарағанда, Ұлт жоспарын табысты іске асыру үшін биліктің барлық тармағының салмақты жұмысы маңызды.

«Осы жағдайда біздің Ұлт жоспарымыз бойынша жұмыс істеп, жүзеге асыру үшін депутаттар жаңа сенім мандатын алуы керек. Бұл тұрғыда дағдарыс мерзімінде сайлау науқанына көп уақыт жұмсамау керектігі маңызды. Біздің ойымызша, Парламент Мәжілісіне және мәслихатқа депутаттардың кезектен тыс сайлауы электоралдық кезеңдерін біріктіру бойынша депутаттардың ұсынысы айтарлықтай дұрыс»,-деді ол.