Ұлтаралық мәселелерді шешетін ЖИ платформасы жасалуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Сарапшылар ұлтаралық мәселелерді шешетін ЖИ жасауды ұсынды. Платформа проблема ұлғаюының алдын алып, тұрғындарға медиациялық көмек береді.
Бұл туралы ҚХА Республикалық этномедиация кеңесінің төрағасы Kazinform тілшісіне берген сұхбатында айтты.
– Қазақстан халқы үшін пайдалы болатын «AI медиатор» деген платформаны жүзеге асыруды ұсынамын. Бұл – азаматтар арасындағы дауларды бейтарап түрде шешуге бағытталған жасанды интеллект технологиясына негізделген жүйе болуы керек. ЖИ дауларды сараптап, түрлі шешу нұсқаларын ұсына отырып, әлеуметтік шиеленістердің алдын алуға жәрдемдеседі. Егер азаматтар арасындағы мәселе күрделі болса, ЖИ платформасы кәсіби медиатордың көмегі қажет екенін анықтап, тиісті маманды ұсына алады, – дейді Шерзод Пулатов.
Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы платформа халықтар арасындағы ахуалды бақылауда ұстау үшін маңызды көмекші құрал болатынын жеткізді.
– Бұл платформаның тиімді жұмыс істеуі үшін Big Data технологияларын қолдану қажет. Үлкен көлемдегі мәліметтерді сараптау арқылы қоғамдағы қайталанып отырған мәселелер мен шиеленіс ошақтарын ерте анықтап, алдын алу шараларын жасауға мүмкіндік туады. Бұл әсіресе ұлтаралық мәселелерге жол бермеу тұрғысынан маңызды. Сонымен қатар бұл жүйе медиаторлардың цифрлық құзыретін арттыруға ықпал етеді. Жасанды интеллект мамандарға этикалық бақылау орнату мен кеңестік көмек көрсетуге де қолдау болады. Әсіресе этномедиация саласындағы мамандардың кәсіби мүмкіндігін арттырып, түрлі ахуалдарды талдауға және мониторинг жүргізуге жәрдемдеседі. Өйткені халқымыздың арасында түрлі әлеуметтік мәселелер жиі туындайды, және оларды уақытылы шешу қажет. ЖИ платформасы арқылы осы мәселелерді жылдап созбай, тиімді шешім табуға болады, – деді ол.
Айта кетейік, ІІМ қызметке қабылдау процесіне жасанды интеллектіні енгізіп жатыр.