Оның айтуынша, қазіргі дағдарыс жайлаған әлемде ұлтаралық келісімнің маңызы артуда.
«Бұл жерде Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелетін міндеттер еселене түседі. Алдағы 18 сәуір күні Астанада өтетін Ассамблеяның кезекті 21-сессия жаңа бағыт-бағдарды айқындап береді. Бүгінгі дөңгелек үстел - сол сессияға дайындық шарасы. Қазір қалада 100 ұлттың өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Ал еліміз бойынша 140-тан асады. Бізді біріктіріп отырған - Достық! Алдағы сессиядан күтеріміз көп», - деді Қазбек Мамсуров.
Өз кезегінде «Ынтымақ» депутаттық тобының басшысы, мәслихат депутаты Ахметжан Шардинов: «Қазір әлем қатты саясаттанып кетті. Украинада, басқа да елдерде не болып жатқанын өздеріңіз білесіздер. Сол үшін Қазақстанда ұлтаралық достықты, өзара түсіністікті сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі, оған жүктелетін міндеттер артып отыр. Бүгін сол алдағы болатын сессияға дайындық ретінде этномәдени бірлестіктердің басшыларын шақырып, олардың талап-тілектерін, ұсыныстарын тыңдауды ұйғардық. Елбасы қашанда: «Ұлтаралық келісім, достық - Қазақстан халқының өркендеуінің негізі. Бұл ішкі саясаттың діңгегі» - дегенді айтып келеді. Елімізде ұлтаралық келісім нығая түскен сайын экономика да, халықтың әлеуметтік жағдайы да нығая түспек», - деді.
Естеріңізге сала кетейік, «НұрОтан» партиясының Алматы қалалық филиалы ұйымдастырған дөңгелек үстелге 20-дан астам қалалық этномәдени бірлестіктердің басшылары қатысып, алдағы сессияға байланысты ой-пікірлерін ортаға салды.