18:24, 21 Мамыр 2009
Ұлтаралық келісімді нығайту Қазақстанның халықаралық беделін арттыруға негіз болды ? А. Тенева
АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ұлтаралық келісімді нығайту Қазақстанның халықаралық беделін арттыруға негіз болды. Бүгін ҚР Парламентінде өткен «Қазіргі Қазақстан және Еуропаға жол» атты халықаралық конференциясы аясында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Болгария Ұлттық Жиынының депутаты,
«Болгария-Қазақстан» парламентаралық достық тобының мүшесі Атанаска Тенева осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Болгария Парламенті ғимаратының кіреберісінде «Бірлік - күш тудырады» деп жазылған. Ал Қазақстанға келгенде халықтар бірлігін, түрлі этностар мен дін өкілдерінің басқосуын, бұндай келісімнің кепілі бола алатын саяси үлгіні, қоғамдық күшті көріп отырмыз. Біз үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының үлгісі тартымды болды. Бұндай бірегей институттың этникааралық, дінаралық түсінік қағидаттары өте сәтті құрылған. Сонымен бірге, Ассамблея аясында төзімділік ахуалы қалыптасып, қазіргі заманғы қауіптерге қарсы тойтарыс негізі берік қаланған», - деді А. Тенева.
Сонымен бірге мейман бүгінгі таңда халықаралық қауымдастық деңгейінде Қазақстанның әріптестері желісі қалыптасқанын айта келе, ендігі күні өңірлік, мемлекетаралық әріптестік желілері де тиімді дами түсетініне сенім білдірді. «Қазақстан мен Болгария арасында үкіметаралық, ұйымаралық ынтымақтастық пен әріптестік байланыстары да жалғаса түседі деп ойлаймын», - деді ол.